2017-2019 ЖЫЛДАРДЫҢ БЮДЖЕТІ 2 ӨҢІРДІҢ САЙТЫНДА ҒАНА ЖАРИЯЛАНҒАН
Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың сайттарындағы бюджеттік ақпараттар ашық әрі қолжетімді емес.
Мұндай мәлімдемені бүгін Алматыда үш бірдей қоғамдық бірлестік мамандары жасап, нақты мониторинг зерттеулерін ұсынды.
Алматыда өткен мемлекеттік органдардың интернет қорларындағы бюджеттік ақпараттың ашықтығы және қолжетімділігі мәселесіне арналған баспасөз мәслихатында «Құқықтық және экономикалық реформаларды қолдау орталығы» Қоғамдық бірлестігінің директоры Әсел Қырықбаева орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың сайттарындағы бюджеттік ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі әлі де өте төмен деңгейде екенін айтты. Оның пікірінше, бюджет кодексінде «ашықтық қағидасы» ретінде Қазақстанның бюджеттік заңнамасы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді міндетті түрде жариялау қажеттігі көрсетілген. Ал 2015 жылы қабылданған «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік органдар бюджеттік қаржы саласындағы ақпаратты, соның ішінде бюджет жобалары мен есептіліктерді интернет-қорларында жариялауға міндетті. Алайда, мұның орындалуы өте төмен деңгейде.
«Қазақстанның 16 аймағының жергілікті атқарушы органдарының ресми сайттарына жүргізілген зерттеу көрсетіп отырғандай, бюджеттік құжаттардың ашықтығы және қолжетімділігі өте төмен деңгейде. Өңірдің бюджетін орындау туралы жылдық есептерді тек кейбір әкімдіктер ғана жариялаған. 20 сәуірге дейін әкімдіктер 2016 жылға арналған жылдық есептерін тексеру комитетіне, ал 1 мамырға дейін мәслихаттың талқылауы мен бекітуіне беруі тиіс болатын. Алайда, қазіргі таңда 2016 жылғы бюджетті орындау туралы жылдық есеп жобасы тек Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің сайтында ғана жарияланған, әкімдіктердің 69%-ы (16 өңірдің 11-і) тіпті 2015 жылға арналған есептерді де жарияламаған. 2017-2019 жылдарға арнап бекітілген бюджеттер тек Атырау және Қарағанды облыстары әкімдіктерінің сайттарында, яғни 16 өңірдің тек 2-уінде ғана жарияланған, бұл 12,5%-ды құрайды. Алматы және Астана әкімдіктерінің сайттарында бюджетке қатысты аз ғана ақпарат көлемін табуға болады, бекітілген өзекті бюджеттер және бюджетті орындау туралы есеп тіпті жоқ», - дейді «Құқықтық және экономикалық реформаларды қолдау орталығы» директоры Әсел Қырықбаева.
Баспасөз мәслихатында «Zertteu Research Institute» қоғамдық қорының директоры Шолпан Әйтенова меморгандардың сайттарында жарияланған азаматтық бюджеттердің 94%-ы талаптарға сәйкес келмейтінін айтты.
«Қазақстанда мемлекеттік органдар азаматтық бюджетті 2011 жылдан бастап жариялап келеді. Орталық мемлекеттік органдардың сайттарына жүргізілген мониторинг нәтижелеріне сәйкес, 2017 жылы министрліктердің тек 52%-ы ғана «Азаматтық бюджет» тарауында ақпаратты жариялайтын болып шықты, осы тұста жарияланған азаматтық бюджеттердің 94%-ы талаптарға сәйкес келмейтінін атап өту қажет. Қаржы министрлігі - азаматтық бюджетті барлық талаптар мен өлшемдерге сәйкес жариялап отырған жалғыз мемлекеттік орган. Бюджет кодексінде азаматтық бюджеттің анықтамасын және оны рәсімдеудің өлшемдерін заң жүзінде бекіту қажет», - дейді «Zertteu Research Institute» ҚҚ директоры.