МЕТЕОРИТ ҚҰЛАҒАН ЖАМАНШЫҢ КРАТЕРІ ТОНАЛЫП ЖАТЫР
Геологтар Жаманшыңға құлаған метеоритті осыдан 50 жыл бұрын зерттеген. Бүгінде кратердегі жыныстар көлденең табыс көзіне айналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбенің Ырғыз ауданында Қазақстан қазынасы жатыр. Геологтар миллион жылдық тарихы бар кратерді ең құнды жер деп санайды. Себебі, метеорит құлаған жерде қайталанбас табиғи жыныстар бар. 1970 жылдан бастап аумақты зерттеуге қатысып, кейін «Метеоритный кратер Жаманшин» атты кітап жазған геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Павел Флоренский миллион жыл бұрын диаметрі 500 метрге жеткен метеорит жерге құлап, жоқ болып кеткенін, қазір қуатты соқтығысу кезінде түзілген жыныстардың табыс көзіне айналғанын айтып, дабыл қақты.
«Бұл аспан мен жердің соқтығысуы. Екеуі де шексіз қуатты. Адамзат мұндай метеориттің құлағанын көрген емес. Әрі көз ілеспес жылдамдықпен келіп, жерге түсті де жоқ болып кетті. Сол кезде метеорит құлаған жерде табиғи жыныстар түзілді. Ал адамзат мұндай қысымды еш уақытта қолдан жасай алмайды. Жаманшың дәл осындай жағдайды бастан өткерді. Диаметрі 500 метрге жететін алып метеорит құлап, оның тарихы 1 миллион жылдан асты. Геологиялық тұрғыдан қарағанда бұл көп уақыт емес. Себебі, содан бері жер бетінде айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Бәрі кеше ғана өткендей. Қазір жер астында жатуы тиіс жыныс жер бетінде жатыр. Қуатты қысым кезінде әйнек тәрізді тастар түзілді»,- деді И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік университетінің профессоры Павел Флоренский.
Академик П.Флоренский зерттеу жұмыстары кезінде түзілген жыныстарға иргизит және жаманшинит атауын берді. Қазір дәл осы кратерден табылған тастар интернет арқылы сатылымға шығарылған. Бағасы 30-40 мыңнан басталып, 500-600 мыңға дейін жеткен. Ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, әлемнің әр түкпіріндегі зертханаларға үлгісін жіберген ғалым көлденең табыс көзіне айналған кратерді қорғап, зерттеу жұмыстарын әрі қарай жалғастыру қажет деп санайды.
Қазір Жаманшың әлемдегі зерттелген орындардың бірі саналады. Бірақ тоналып жатыр. Жалғаса берсе, қолда барды жоғалтып аламыз. Сондықтан, облыс, бәлкім республика Жаманшыңды сақтаудың арнайы бағдарламасын іске қосатын болар. Қазір кез келген адам сол жерге барып, көлікпен тасты тиеп, алып кете алады. Табыс көзі ғой. Бірақ бұл тәрбие орны болуы керек. Жастарды патриоттық сезімге тәрбиелейтін, туристік орынға айналдыратын жер. Сонымен қатар, жас ғалымдарға арналған зерттеу алаңы болуы тиіс. Ол жерде табиғатты қорғау базасы салынып, оқу-әдістемелік орталығы ашылса дейміз. Ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, әлі талай ашылмаған жынысты анықтауға болатын шығар»,- деді Павел Флоренский.
Жаманшың кратерінде түзілген жаманшинит пен иргизит жынысы бірде-бір жерде кездеспейді. Кеңес үкіметі кезінде ғалымдар бұл жерден алмас іздеген екен. «Запказгеология» зерттеу институты Жаманшың кратерінің құрылымын, ол жердегі жыныстарды зерттеуге жұмылдырылды. Кратердің негізгі формасын анықтау үшін қашықтығы үш шақырым болатын жерде қазу жұмыстары жүргізілді. «Бізге «арнайы шикізатты іздеу» тапсырылды. Бұл не? Әрине, алмас. Ол кезде алмас іздеп жүрміз деп ашық айтуға тыйым салынған болатын. Ғарыштан суретке түсірілді, Жаманшың кратерінің жанынан 50-ге жуық түтікше анықталды. Суретті көрген академик Павел Флоренскийдің «ғажап» деп айқайлағаны әлі есімде. Зерттеу жұмыстарын Новосибирск, Ленинград секілді онға жуық қаланың ғалымдары қатысты. Іздегеніміз табылмады. Кейін метеорит жерге құраған кезде алмас түзілетін қысымға жетпеген деген шешімге келді. Бәлкім біз дұрыс зерттеу жүргізе алмаған шығармыз, бәлкім қателескен болармыз. Әлі де зерттеу керек шығар. Сондықтан жұмысты жалғыстыруымыз керек. Алтын, хромит те табылар. Мен Жаманшың Қазақстан қазынасы деп айтамын. Әлем алдындағы мақтанышымыз осы жер»,- деді ардагер геолог Ярослав Бойко. Кейін академик Павел Флоренский Жаманшыңда алмастың ұшқыны бар екені ғылыми зерттеулер арқылы дәлелденгенін жеткізді.
Жаманшың соңғы жылдары туризм картасына енді. Ішкі туризмді қолға алған туроператор Ботагөз Қыранбаеваның айтуынша, ол 2008 жылдан бері ішкі туризмнің бір бағытына қосылды.
«Омск планетарийінің басшыларымен интернет арқылы байланыс орнатып, биыл Жаманшың кратерінде кездестік. Бірлескен экспедицияға Ақтөбедегі планетарий, Ырғыз-Торғай мемлекеттік резерваты қосылды. Ресейден Омск пен Новосибирск планетарийі келді. Академик Павел Флоренский бес нақты орынды көрсетіп, зерттеу аймағын таныстырды. Бұл туристер үшін өте қызықты жер. Бұл жерде қонақ үй, жайлы орын жоқ. Бірақ геотуризм аймағы әлемде теңдесі жоқ кратермен танысып, түзілген жыныстарды көруге мүмкіндік береді. Әзірге бұл бағыттағы туризм дамуы өте баяу»,- деді ол.
Қазіргі кезде Ақтөбе планетарийі жылына екі рет туристік маршрут ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Планетарий директоры Қорлан Бөлековтың айтуынша, әзірге экспедиция жыл сайын ресейлік ғалымдардың қатысуымен ғана өтіп жүр.
Автор: Алтынай САҒЫНДЫҚОВА