ЕРТЕҢ АТА-АНАЛАРДЫҢ ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ЖИНАЛЫСЫ ӨТЕДІ
Қазір көп ата-ананың мектеп жиналыстарына қатыспайтыны жасырын емес. Бұл, өз кезегінде, ата-аналардың балаларының болашағына немқұрайлы қарауына әкеп соғып жатады. «Сол себепті де ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы күніне барынша мән-мағына беріп, бұл күні барлық ата-ана жаппай мектептерге келіп, балаларының сыныптарын аралап, олардың қалай сабақ өтіп жатқандарын өз көздерімен көріп, сынып жетекшілерімен, мұғалімдерімен, мектеп басшылығымен сөйлесіп, пікірлесулеріне жағдай жасауға тырысып отырмыз», – деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.
Бүгінде қазақстандық білім жүйесінде көптеген өзгеріс бар. Еліміздің барлық қаласы мен ауылдарында бір мезгілде өткізілетін шара барысында осы мәселелер туралы сөз болады. Осыған орай балалардың сапалы біліп алып, олардың бәсекеге қабілетті, болашақтары жарқын болулары үшін жаңартылған мазмұн енгізіліп, еліміздің мұғалімдері педагогтардың біліктіліктерін арттыру бағдарламасы аясында жаппай оқытылып жатыр.
Былтырдан бастап 1-сыныпта оқушылардың жетістіктерін шектеусіз бағалау жүйесі енгізілді. Алдағы 1 қыркүйек – жаңа оқу жылынан бастап 1, 2, 5, 7-сынып шәкірттері жаңартылған бағдарлама бойынша оқитын болады.
Ата-аналар жиналысында мектеп әкімшілігі қамқоршылар кеңесінің жұмысын, кеңестің құқығы мен міндеттерін, қағидасы мен қызмет тетігін талқыламақ. Осы және басқа да маңызды сұрақтарға жауапты ата-аналар жиналысынан білулеріңізге болады.