«BASTAU БИЗНЕС»: ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР ЖОБАЛАРЫН ҚОРҒАУДА
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында «Bastau Бизнес» жобасына қатысушылар бизнес-жоспарларын қорғауда. «Қызылордалықтар республика көлемінде қорғау жұмыстарын бірінші болып бастады»,-дейді Палатаның сарапшысы Жанат Матерзаева.
Кешеден бастап Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарының жобаға қатысқан азаматтары Қызылорда қаласында бизнес-жоспарларын қаржы институттары мен мемлекеттік орган өкілдерінен құрылған облыстық комиссияның алдында қорғауда.
Айта кету керек, пилоттық негізде жүзеге асырылып жатқан жобаның алғашқы кезеңінде тестілеуден 228 адам өткен болатын. Осы азаматтардың 128-і облыстық комиссия алдында жобаларын қорғамақ.
«128 азамат «Bastau Бизнес» жобасының барлық кезеңінен өткен азаматтар. Облыстық комиссия алдында жобаларын сәтті қорғай алғандарға арнайы сертификаттар тапсырылып, қаржы институттары қаржыландыру шараларын жүргізу барысында бірінші кезекте оларға басымдық берілмек», - дейді Кәсіпкерлер палатасының маманы Жанат Матерзаева.
Айта кету керек, облыстық комиссия алдына жалпы құны 558 млн.теңгені құрайтын 128 жоба ұсынылып отыр.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі