ЖИЫРМА АЛТЫ МИЛЛИОН ТЕҢГЕНІҢ БҰЙЫМЫН ҰРЛАҒАН 2 АЗАМАТ ҰСТАЛДЫ
Қызылорда қалалық Ішкі істер басқармасы қызметкерлерінің жүргізген іздестіру шаралары барысында жалпы құны 26 млн. 180 мың теңгені құрайтын алтын және бриллиант бұйымдарды қолды қылған 2 азамат ұсталды.
Оқиға 2017 жылғы 30 қаңтар күні қала орталығындағы сауда үйлердің бірінде болған. 22 және 23 жастағы 2 азамат алдын ала сөз байласа отырып, сауда үйінің жертөлесі арқылы алтын бұйымдар сататын бутикке кірген. Жалпы құны 26 180 000 теңгені құрайтын алтын және бриллиант бұйымдарды ұрлаған екеу оқиға орнынан бой тасалайды.
Алайда екеуі де полиция қызметкерлерімен ұсталып, ҚІІБ-нің Уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Қазіргі таңда оларға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігі негізінде қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.