АЙМАҚТЫҚ «WRO-2017» ТУРНИРІ ӨТТІ
Роботты техниканы оқушылар арасында насихаттау және дамыту мақсатында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында роботты техникадан «WRO-2017» халықаралық олимпиадасының аймақтық турнирі ұйымдастырылды.
Халықаралық олимпиаданың аймақтық турнирлері үшін биылғы тақырып «Өңірдің тұрақты дамуы үшін роботтар құрастыру» болып отыр. Осы бағытта келесі кезең жолдамасын 22 команда сарапқа салды.
Түрлі категориялар бойынша 50-ге жуық оқушы бақ сынады. Жарыс шарты бойынша негізгі категорияда конкурсанттар роботты жинап, бағдарламалауға тиіс болған. Бұл категорияда НЗМ оқушылары озық шықты.
Ал шығармашылық конкурс қоршаған орта климатын өзгертіп, экожүйені жақсартуға арналған жобаларға арналды.
Бұл конкурста №9 білім-инновация лицейінің оқушылары Әйгерім Жақсылық пен Кәмшат Жармахан көгалдандыру ісіне көп септігін тигізетін ерекше робот-бағбан құрастырды. Автоматты құрылғы көшеттерді өз бетінше еге алады.
НЗМ оқушылары Әлихан Шәкіман мен Владимир Юннің жобасы да көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Қалаға экскурсия жасау үшін жерасты метросын құрастырған олар қазылар шешімімен бірінші орын иеленді.
«Сумо» және «Кегельринг» конкурстары бойынша қатысушылар қарсылас роботтың кеглін өз бетінше қозғала алатын құрылғы ойлап табуы тиіс болатын. Бұл сында ең жас конкурсант Жарқынбек Ахметов бастаған команда барлық талаптар деңгейінен көрініп, 2 орын иеленді.
Турнирде озық шыққан командалар биыл жазда «WRO-2017» олимпиадасының республикалық кезеңіне қатысады. Ол сынның үздіктері Коста-Рикада өтетін халықаралық олимпиадада ел намысын қорғайды.