ҚМДБ БИЫЛҒЫ ПІТІР САДАҚА МӨЛШЕРІН БЕКІТТІ
Өскемен қаласында өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде биылғы Рамазан айында берілетін пітір садақа мөлшері анықталды, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.
Пітір садақа әр облыстағы бидайдың бағасы ескеріліп, ортақ мөлшермен бекітілді. Төралқа Мәжілісі мүшелерінің бірауызды шешімімен биылғы пітір садақа көлемі – 300 теңге болды.
Айта кетейік, пітір садақаны құрманың, мейіздің, арпаның, бидайдың құнымен де беруге болады.
Егер пітір садақаны бидаймен берілсе, әр адам үшін жарты сағ (жарты сағ 1 келі 625 граммға тең) есептеледі. Ақшамен есептегенде (әр аймақтың бидай бағасына қарай) 1 келі 625 граммның құнын беру керек. Құрма, мейіз, арпадан да бір сағтың (3,25 кг) құнын беру қажет.
Еске сала кетейік, пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен ораза айт намазына дейін беруге болады.