ЕСІРТКІ БИЗНЕСІМЕН АЙНАЛЫСҚАН ПОЛИЦЕЙ СОТТАЛДЫ
Есірткі – сананы улап, қоғамды аздыратын дерт. Ал оның алдын алу, жастарды жат әдетке үйір болудан сақтау ел болып қолға алатын мәселе. Былтыр осы бағыттағы жұмыстар нәтижесінде облыс аумағында Үнді сорасы егілген 32 плантация жойылған.
Наркобизнеске қарапайым адамдардың ғана емес күштік құрылымдар өкілдерінің де қатысы бары анықталуда. Бұл туралы облыс прокурорының орынбасары Жасұлан Еламанов хабарлады.
Мысалы, өткен жылдың қыркүйек айында 100 келі марихуана мен 515 түп сора тиеген көлік ұсталған. Бұл көліктің тиісті жерге жетуін полиция қызметкері қамтамасыз еткені де белгілі болды. Кінәлі деп табылған ол қазір сотты болған. Есірткі бизнесінің осыншалық белең алуы «Есірткісіз болашақ» жобасын қолға алуға түрткі болып отыр.
Облыстық әкімдік, прокуратура және ішкі істер департаменті бірлесіп қолға алған бұл бастама аясында есірткі саудасының жолын кесіп, қоғамда наркобизнеспен айналысатындарға теріс көзқарас қалыптастыру көзделуде.