ЖЕҢІЛ АТЛЕТТЕРІМІЗ ЖҮЛДЕ ИЕЛЕНДІ
Алматы қаласында жеңіл атлетикадан 1998-1999, 2000-2001 жылы туған жастар және жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Қызылорда облысының №4 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі спортшылары жақсы өнер көрсетті.
Жастар арасында Руслан Мұратбай ядро итеруден жеңімпаз атанса, Ғаламат Әуесбай найза лақтырудан қола жүлдені иеленді. 3000 метр қашықтыққа кедергілер арқылы жүгіруден бірінші келген Рақымжан Келманов бір жарым шақырымдық қашықтыққа жүгіруден үшінші орынға ие болды. Светлана Саунина 3000 метр қашықтыққа кедергілер арқылы жүгіруден екінші, Азамат Құлдас 800 метр қашықтыққа жүгіруден үшінші орындарды еншіледі.
2000-2001 жылы туған ұлдар мен қыздар арасында Қадыр Жалғас 400 метр қашықтыққа жүгіруден ел чемпионы атанды. Галина Панасенко 2000 метр қашықтыққа кедергілер арқылы жүгіруден алтын, 3000 метр қашықтыққа жүгіруден күміс жүлдеге ие болды. Ал Мөлдір Әзімханова 2000 метр қашықтыққа кедергілер арқылы жүгіруден 2-орынды иеленді.