ПРОКУРАТУРА ҚОҒАМДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕРДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАДЫ
Прокуратура саласында трансформация жүргізудің негізгі бағыттары айқындалып, осы бағытта шаралар қолға алынды. Аймақта осындай оқу тренингтері облыс прокуроры Халидулла Дәуешовтің қатысуымен өтуде.
Ол осы бағыттағы шараларда жеке құрам арасында трансформацияның маңызы жайлы айтып, бағдарламаның кезеңдері мен мақсаттарын түсіндіреді.
Мысалы, қазір қалалық прокуратура 3 басым бағытты айқындады. Ашықтық, тиімділік және әділдік атты бұл бағыттар бойынша шаралар легі атқарылды.
Қала прокуроры барлық елді мекендер тұрғындарымен кездесіп, олардың өтініштері бойынша жеке қабылдаулар өткізді. Осындай қабылдаулардың саны 5 есеге, ал қанағаттандырылған өтініштер 35 пайызға өсті. Әлеуметтік желілерде парақшалар ашылып, прокуратураның күнделікті жұмысы туралы ақпараттар орналастырылуда. Бүгінгі күннің өзінде жарты мыңға жуық жазылушылар тіркелді.
Сала жұмысына ашықтық беру үшін тәулік бойы қосылған сенім телефондары қосылды. Барлық емханаларда арыз-шағым жәшіктері орнатылды. Кәсіпкерлер, мүгедектер және тағы басқа санаттағы азаматтар арасында жұмыс топтары құрылды.
Өзгерістер бағдарламасында атап өтілгендей, мәселенің салдарымен күресуден көрі оны болдырмау маңызды. Осы бағытта 18 мыңнан астам жұмысшысы бар 25 кәсіпорында еңбек заңнамасы туралы ақпараттық хаттар ілініп, салық төлеу жеңілдіктері туралы хаттар «Қазпочтаның» барлық бөлімшелерінде қойылды.
Прокуратура бастамасымен «Айыппұл төлеу оңай» іс-шарасы ұйымдастырылып, акция аясында 6 банктің төлем қабылдау жүйесінің Әкімшілік полиция комитетінің АИПС «Контроль» жүйесіне интеграциялануына қол жеткізілсе, 60 төлем қабылдау терминалына айыппұлды қабылдау тәртібі көрсетілген ақпарат ораналастырылды.
Бұдан бөлек, жеке құрам арасында қоғамдық, спорттық іс-шаралар, оның ішінде біліктілігін көтеру бағытында тренингтер өткізілуде.
Барлық қызметкерлерді осы жұмыстарға тарту үшін прокуратураның бағыт-бағдар сызбасы әзірленіп, оған әрбір прокурор жаңа форматта жұмыс жасаудың өз ой-пікірі мен ұсыныстарын білдіруде.