ОТЫЗ ПОЛИЦЕЙ АНТ ҚАБЫЛДАДЫ
Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай және Мемлекеттік Рәміздер аллеясында мерекелік шара болып өтті.
Салтанатты жиынға департамент басшылығы, қызметкерлері және ішкі істер органдары ардагерлері қатысты.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасы гимні ырғағымен ашылып, ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қ.Қасымовтың құттықтауы оқылды. Департамент бастығы полиция полковнигі Қайрат Мұхитов ардагерлерді қатар келген екі ұлы мерекемен құттықтап, соғыста ерлікпен қаза тапқан ерлердің тарих төрінен орын алатындығын айтты. Олардың бүгінгі ұрпақтары үшін Жеңіс алауын сөндірмей, Отан үшін от кешкендерді ұлықтау парыз болмақ.
Шара барысында Ішкі істер министрлігінің және департамент бастығының марапаттау жайлы бұйрығы оқылып, ішкі істер органдарының ардагерлері мен құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше көзге түскен департаменттің бірнеше қызметкерлері марапатталды.
Одан әрі мерекелік іс-шара жас қызметкерлердің ант қабылдау рәсіміне ұласты. Полиция қызметіне жаңадан қабылданған 30 полиция қызметкері қызметті адал және абыроймен атқаруға, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқығы мен бостандықтарын қорғауға салтанатты түрде ант берді.
Полиция қызметіне жаңадан қосылған жас буынды ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбол Тұңғышбаев құттықтады. Ант қабылдау – әрбір полиция қызметкері үшін толғандыратын салтанатты сәт екендігін атап өтіп, өзінің қызметін, өмірлік жолын халыққа қызмет етумен байланыстырған жас қызметкерлердің азаматтық борыштарын абыроймен атқаруларына тілектестік білдірді.