СЫРДА ТУЫП, БАР ҒҰМЫРЫ СЫРТТА ӨТКЕН
Сексенінші жылдардың ортасында қазақ журналистикасына келіп қосылған талантты топтың ішінде Серік Дінахметов есімді жігіт бар еді. Университетті сырттай оқып жүріп «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), Алматыдағы «Теміржолшы», Ақтөбедегі «Болат жол» газетінде қызмет істеді. «Елге оралып біршама уақыт құрылысшы болып жұмыс істеді. Кейінірек Жезқазғанға қызмет ауыстыруға қамданып жүретін еді» дейді оны білетіндер. Баратын күні ұшақтан қалып қойған Серік, бір апта ауылда аялдап қалып еді. Сапарына санаулы күндер қалғанда мотоциклмен жол апатына ұшырайды. Жаратқанның жазуы ғой, кеншілер қаласына қоныс аударуды көптен күтіп жүрген Серік туған жер төсіндегі бір төмпешік болып қала берді. Бұл 1985 жыл еді.
Былтыр Жеңіс мерекесі қарсаңында редакцияға Серіктің інісі Жомарт есімді азамат соқты. Қолында марқұм ағасына Ұлы Отан соғысынан кейін Украинада қалып қойған Мәріпжан Қасымбеков есімді қандасымыздың жазған хаты бар.
– Серік ізденгіш еді. Қайтыс болатын жылы облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінен Одессада қалып қойған Сыр азаматы жөнінде оқыпты. Өз бетінше іздеп жүріп, мақала кейіпкерін тауып алды. Туған жерден жырақтап кеткен жерлесімізбен хат алысып жүретін,– дейді Жомарт. Хат жолдарынан елге деген сағыныш лебін сезген ол республикалық басылымдарға одессалық Мәріпжан ардагер жайлы очерк әзірлемек еді, тосыннан келген қаза оған үлгіртпеді.
Сарғайған парақтарды қарап отырмыз. Жомарт аға мұрасын көзінің қарашығындай сақтапты. Қағаздың түсі оңғанмен бояуы күні кеше жазғандай анық көрінеді. Осыдан тура отыз жыл бұрын жазылған хатқа көз жүгіртсеңіз, бір жып-жылы леп бетіңді шарпығандай болады.
«...Қарағым, Серік Дінахметов! Сенің жазған хатыңа жауап бермеуге правом жоқ. Айтқан жылы сөздеріңе көп рахмет. Туған жерім Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданы. Дария жағасындағы Бесарық деген ауылды кіндігім кесіліп еді...» деп бастапты ақсақал хатын.
Осыдан отыз жыл бұрынғы жазылған хатта ауылдың соғыс алдындағы бар тіршілігі суреттеліпті. Заман ағымына сай Ворошилов есімін иеленген ұжымшардағы мектеп үлкен баудың жанында болыпты. Осы мектепте бірінші сынып партасына отырған Мәріпжан Қасымбеков жеті жыл үздік оқиды. Көркемөнерпаздар үйірмесін басқарған жалынды жастың алға қойған арманы да көп болған көрінеді. Тек соғыс деген сұрапыл аяқ асты киіп кетіп, бәрін тас-талқан етіпті.
Ауыл баласының ерте есеюге талпынатыны белгілі ғой. Оның үстіне комсомолға қатарынан бұрынырақ өту үшін жасын қостырып жаздырғаны бар еді. Сөйтіп құжат бойынша 1942 жылы 19-ға ілінген Мәріпжанның шын жасы небәрі 17-де ғана еді. Осы жылы 6 шілде күні майданға аттанған ауылдастарының ортасында жап-жас Мәріпжан да бара жатты. Ол туралы өзі хатта: «Армияға шақырғанда документ бойынша мені 19 жаста дейтін еді ғой. Комсомол болам деп екі жасты қосып алған мен осылайша 17 жасымда шырылдап, бір жарым пұт талқанды көтере алмай жылап кеткен жайым бар еді ғой» деп жазады.
Бозбала Мәріпжан Орынбор облысы Чкалов ауданындағы минометшілер дайындайтын бөлімге түседі. Мұнда кескілескен майдан жүріп жатпағанымен де соғыстың дүбірі естіліп қалады. Әсіресе, күші басым жау мен өліспей беріспеске бекінген Кеңес әскерлерінің алма-кезек шабуылынан Сталинградтың түбі қан қасап болып жатқан кез. 1942 жылдың қыркүйегінде бұларды осы 1062 атқыштар полкі құрамында қаланың Клец бағытын қорғауға кірісті.
Мәріпжан ақсақал хатында сол бір сұрапыл кезеңді былайша суреттейді: «... қыс түскенше қорғанысты ұстап тұрдық. Қазақтың «Жұт жеті ағайынды» деген мәтелін дәл бейнелейтін жағдайды бастан кештік. Қатып қалған нанды кезек қажап, әл жинаймыз. Сол жылғы қыс та ерекше суық болды. Кейде маған көкжиекке дейінгі аппақ қардың бәрі қанға бөгіп жатқандай елестейтін. Осындай күндердің бірінде жараланып, госпитальге түстім».
Жау құрсауы күннен-күнге қысып барады. Бұлар Клецті, тастап, Курскіге ойысты. Курск шайқасы немістердің жаңа қару-жарағын сынау алаңы іспетті сияқты еді. «Моторлар соғысы» деген атау алған Курск майданы көзіне қан толған фашистер үшін Мәскеуді алудың мүмкіндігі болса, бес қаруы сай жасанған жауға тойтарыс берген Мәріпжан секілді мыңдаған Кеңес сарбаздары үшін соңғы табан тірер тиянақ еді. Қырық тоғыз күнге созылған шайқас 1943 жылдың 23 тамызы күні Кеңес әскерлерінің Харьковты азат етуімен аяқталды.
Бесарықтан шыққан Мәріпжан бұдан кейін Чехословакия, Югославия, Австрияны азат етуге қатысты. Жеңіс хабарын Венгрия астанасы Будапештте естіді. Соғыстан кейін Одесса түбіндегі Ананьев қаласындағы әскери зауытқа жіберіледі. Осында жүріп Любовь Константинқызымен танысады. Көңілдері жарасып, шаңырақ көтерді. Дүниеге 2 ұл, 2 қыз келді. Осылайша Сырдарияның жағасында өскен Мәріпжан одессалық болып шыға келді. Осында арнаулы білім алып, аудандық ет дайындау бірлестігіне жетекшілік етті. Зейнетке шыққасын 86 атқыштар дивизиясының ардагерлер кеңесін тұрақты мүшесі болды.
«... соғыста қазақ жігіттері көп болды. 62 деген оңай жас емес екен, аттарын ұмытыппын. Бірақ біз, ұлы Абайдың ұрпақтары, адал соғыстық. Ешкімнің алдында еңсеміз түспейтіндей шайқастық. Сонау алыстан іздеп, хабарласқаныңа рахмет. Елге, отбасыңа сәлем айт» дейді қарт майдангер.
Ардагердің туған ауылына сұрау салдық. Қазіргі Талап ауылында 1942 жылдың 6 шілдесі күні майданға аттанған Мәріпжан Қасымбеков жайлы білетіндер жоқ болып шықты. Осыдан 74 жыл бұрын майданға аттанған Мәріпжан Қасымбековтің бір дерегін білмек болған бізге Жаңақорғандағы «Талап» ауылдық округінен Бақтияр Дүйсенбаев көп көмек көрсетті. Бесарық ауылының әкімі Әлібек Абдуллаев ақсақалдың туған келінін тауып берді. Мәріпжанның қайтыс болған Арысхан деген інісінің жұбайы Қыздаркүл апай қайнағасын тоқсаныншы жылдардың ортасында көргенін айтады. Ата-бабасы жатқан қорымға келіп, құран оқытқан майдангер содан кейін қайтып соқпаған көрінеді. Жақындарынан тұшымды дерек ала алмағасын өзі хатта жазған деректер бойынша ғаламторды ақтардық,
Бір қызығы, ғаламторда тағы бір Мәріпжан Қасымбеков жүр. Оның да тұрғылықты жері Ананьев қаласы. Отыздан енді ғана асқан жігіттің әкесінің есімі Сергей екен. Мәріпжан ақсақал хатында екінші ұлының атын Сергей деп жазғандықтан бұл жігіт майдангердің немересі болар деп болжадық. Болжамымызды тексеріп көрмек болып, электронды поштасына хат та жаздық.
Міне, керемет! Жас Мәріпжан біздің жерлесіміздің немересі болып шықты. Атасының құрметіне қойылған есімін мақтан тұтатын жас жігіттің жазуынша үлкен Мәріпжан 2002 жылы қайтыс болыпты. Өз әкесі Сергей осыдан 2 жыл бұрын ойылған мұз астына кеткен адамдарды құтқарам деп жүріп опат болыпты. «Атам Мәріпжанның айтуымен әскери саланы таңдаған әкемнің басқаша жасауы мүмкін емес еді, мен оны мақтан тұтамын» дейді кіші Мәріпжан.
Осылайша отыз жыл бұрын жас журналист Серік Дінахметов пен ардагер Мәріпжан Қасымбеков арасында жазылған хат біраз тарихтың шетін шығарды. Біраз бейтаныс жандармен таныстырды. Сарғайған парақтағы ақсақалдың елге деген сағынышы жүрегімізді сыздатты.
Тамыры Сырда жатқан Қасымбековтер әулеті осылайша қиян шетте қала беріпті.