ЗАМАННЫҢ ҰЛЫ ЖЫРЫ – ЖЕҢІС КҮНІ
Батырлық пен ерліктен жаралған, рухын қасиеттеген, ардагерлерін айбын көрген жалағаштықтар бүгін орталық алаңда Ұлы Жеңіс әкелген 72-бейбіт көктемді қарсы алды.
Аудан әкімі Т.Дүйсебаев пен бір топ еңбек және тыл ардагерлері орталық алаңда орналасқан «Ер есімі – ел есінде» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтардың рухына құран бағыштап, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Салтанатты шара орталық алаңда «Заманның ұлы жыры – Жеңіс күні» атты театрландырылған қойылымға ұласты. Жалағаштықтарды Ұлы Жеңіс мерекесінің 72 жылдығымен құттықтап, сөз сөйлеген аудан әкімі Талғат Дүйсебаев қарыштап дамып келе жатқан ел әлеуетінің барша жетістіктері соғыс өртін өшірген аталарымыз бен аналарымыздың еңбегі арқасында екендігін атап өтті.
Бүгінде ауданымызда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген 4 ардагер бар.
Салтанатты шара барысында Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары аудан тұрғындарының назарына концерттік бағдарлама ұсынды.