ЕЛ ЖАДЫНАН ӨШПЕЙТІН ҰЛЫ ЖЕҢІС
Бүгін «Тағзым» алаңында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 72 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Алаңға жиналған қарт майдангерлер, сұрапыл соғыста ел мен жерін қорғаған қаһармандардың ұрпақтары, қалың жұртшылық елі үшін қан төккен батырлар рухына тағзым етті.
Шараны облыс әкімі, аймақтық қорғаныс кеңесінің төрағасы Қырымбек Көшербаев ашып, бізге бейбіт өмірді аманат еткен аға ұрпаққа деген лебізін жеткізді.
–Ер басына күн туып, етігімен қан кешкен, ат басына күн туып, ауыздығымен су ішкен кешегі сұрапыл соғыста мыңдаған қазақстандық кеудесін оққа тосып, сол кездегі ортақ Отанның тәуелсіздігі мен бостандығын қорғады. Төрт жылға созылған соғыста жеңісті жақындатуға қызылордалықтар да үлкен үлес қосты. Жиырма мыңнан аста азаматымыз орден-медальдармен марапатталса, 21 жерлесімізге көзсіз ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағы беріліп, екі азамат «Данқ» орденінің толық кавалері атанды. Осынау қасиетті күні біз антына адал болып, туған жері үшін шейіт болған майдангерлер алдында терең ілтипатпен бас иеміз.
Майданға аттанған азаматына демеу болған, ерен еңбегімен жеңіс сағатын жақындата түскен тылдағы еңбеккерлер де қылаусыз құрметке лайықты. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен еңбек еткен олардың қаһармандығы да ұрпақтар жадынан өшпейді.
«Уақыт алға жылжыған сайын бұл ерліктің шоқтығы биіктеп, қадір-қасиеті артып, тағылым-тәрбиесі мен мән-мағынасы мейлінші тереңдеп, даралана түседі. Біз әрқашанда аға ұрпақ өкілдерінің өз Отанынына деген сүйіспеншілігін ескеріп, еске сақтап, оны үлгі тұтуымыз керек» деп Елбасы, Бас қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей біздің асыл қазынамыз, тарихымыздың тірі шежірелері – Сіздерден қандай істе де болмасын таусылмас қуат, тағылым аламыз,– деді облыс басшысы.
Облыс басшысының құттықтауынан кейін ҰҚК, прокуратура, ішкі істер департаменті, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері лекпен жүріп өтіп, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Шарада «Жасампаз жасақтың» шеруі өтті. Жасақ құрамындағы соғыс батырларының ұпрақтары аталарының суреттерін көтеріп, бізді бейбіт күнге жеткізген қаһармандарға құрмет танытты.