ОБЛЫС ПРОКУРОРЫ АРДАГЕРЛЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ
Қызылорда облысының прокуроры Халидулла Дәуешов Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 72 жылдығына байланысты ардагерлерді құттықтады.
Отан соғысының отты жолынан өткен майдангердің бірі Бөрібай Құлманов ақсақал. Мәскеу түбіндегі Калинин майданында қан төккен сарбаз туған топырағына жау зеңбірегінің үнін біржола өшіріп оралды.
Биыл қарт майдангер 97 жасты толтырып отыр. Соғыстан кейін елге бас болып, ауылшаруашылығы саласында еңбек етті, партиялық қызметтер атқарды.
«Жеңіс» деген жалғыз ауыз сөзді естігенде жыламаған жан қалмады», — деп еске алады ардагер..
Ал Любовь Колесник медициналық техникумды бітіре салысымен майданға шақырту алыпты. Жас медбике Г. Жуков басқарған Беларус майданындағы дала госпиталінде талай жанды ажалдан аман алып қалды. Соғыстан кейін 40 жыл ауруханада еңбек етті. Бүгінде немере мен шөбере қызығын көріп отырған әжей соғыс деген сұрапылдың қайталанбауын тілейді.
Кездесуде ардагерлер кешегі күннен естелік айтып, өздеріне көрсетіліп отырған құрметке ризашылықтарын білдірді. Облыс прокуроры ардагерлерге сала қызметкерлері атынан сый тапсырып, туған жерін жау тырнағынан қорғап қалған қаһармандарға ізгі тілегін жеткізді.