КҮТУМЕН ӨТКЕН ҒҰМЫР
Түбі жоқ тарихтың шежіресінде шерменде болып өткен шешелеріміз аз ба?! Елдің басына түскен түрлі тауқыметті тау көтергендей арқалап өткен ананың бірі – жүз жасаған Қалампыр Әлімбетова әжей. Бұл бір шерлі суретті қызылордалық фототілші 35 жыл бұрын Шіркейлі ауылында түсірген.
Байырғы фотограф Болат Омарәлиев осы суреттерді түсіру үшін ол кісіні алдауға тура келгеніне әлі күнге дейін өкінетінін жасырмайды.
– Мен үшін бұл фото – соғыс салған жараның адам баласы үшін ауырлығын, қасірет шеккен елдің қалай күйзелгенін һәм ұрпағын ойлап, азап арқалаған қазақ аналарының бейнесін суретпен қалдырған тарих.
– Бұл кісіні негізінен бұрыннан білетін едім. Он жасар ойын баласы кезімде өз шешеммен бір есекке мінгесіп, көрші ауылға тойға бардық. Анам сол тойда осы Қалампыр әжеймен шұрқырасып қалды. Әжей омырауына «Отан соғысы» орденін тағып алыпты. Жалтылдап көзге оттай басылады. Анам әжеймен сөйлесіп болғаннан кейін, былай шыққан соң: «Анау тағып алған не қылған орден?» деп сұрамаймын ба.
«Соғыста қаза тапқан ұлының ордені» деп жауап берді анам. Содан кейін 1980 жылдан бастап «Соғыс жесірлері» деген атпен сериялы суреттер түсіре бастадым. Күндердің күнінде есіме баяғы оқиға түсті. Содан баяғы Шіркейлі ауылына кейуананы іздеп бардым.
1983 жылдың күзінде Қызылорда облысы Сырдария ауданы Шіркейлі ауылында жүзге келген Қалампыр Әлімбетовамен қайта жолығудың сәті түсті. Ұлдары Кенбай мен Сейдахмет Шамахановтарды қырық жылдан бері күтумен күн кешіп жатқан жайын көрдім. Әлі де үмітін үзбеген. Соғыстан жіберілген бір баласының «Отан соғысы» орденін алақанына салып күбірлеп сөйлеп отырады.
Сол баяғы мен көрген орден. Жыламайды. Жылай-жылай көз жасы таусылған. Ақыл-есі дұрыс. Осы жолы екі күн бойы әжейді суретке түсірдім. Әдепкіде суретке түсуге көнбеген соң кейуананы алдауға тура келді. «Әже ұлдарыңыз тірі. Хат жазыпты. Онда апамның суретін салсын депті» деп соқтым. Ғасыр жасап, оның жарты ғұмырын ұлдары аман келеді деп күтумен өткен қарияны алдағаныма әлі күнге дейін өкінем.
Кәсібім осы болған соң, басқа амал бар ма?! Екі күн әжейді айналшықтап жүріп 100 шақты фото түсіріппін. Осыншама суреттен көңіліме ұнағаны төрт сурет болды. Мен суретке түсіргеннен кейін 20 күн өткенде Қалампыр әже ұлдарын іздеп, мына өмірден өтті, дейді фототілші.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Болат ОМАРӘЛИЕВ