ҚЫЗЫЛОРДАДА БІРНЕШЕ МӘРТЕ ҰРЛЫҚ ЖАСАҒАН ӘККІ ҰРЫ ҰСТАЛДЫ
Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері бөтеннің мүлкін заңсыз иемденіп, азаматтарға жалпы көлемі 200 мың теңгеге жуық шығын келтірген 50 жастағы қала тұрғынын ұстады. Бұл туралы Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі хабарлады.
2017 жылғы 14 сәуір күні қала орталығындағы мекемелердің бірінің сейфінен 25 000 теңге көлемінде ақша және 3 дана флешка ұрланғаны жөнінде хабарлама келіп түседі. Тексеру барысында, күдікті ғимаратқа сыртқы есіктің ашық қалғандығын пайдаланып, оңтайлы сәтті күтіп, сейфтегі ақшаны алып кеткендігі анықталды. Нәтижесінде жәбірленушіге 31 000 теңге көлемінде шығын келтірілген.
Осы тектес ұрлық дерегі сәуір айының 16 күні де тіркелген. Бұл жағдайда монша ауласында тұрған «Урал» үлгісіндегі велосипед ұрланған. Шығын көлемі 20 000 теңгені құраған.
Сонымен қатар, 27 сәуір күні 2 телефон ұрлығы тіркелген. Екі ұрлық фактісі де қала орталығындағы колледж жатақханасының бірінде орын алған. 17 және 16 жастағы колледж студенттерінің «Самсунг J-1» үлгісіндегі ұялы телефоны қолды болып, әрқайсысына 50 000 теңге көлемінде шығын келтірілген.
Осы бөтен ұрлық қылмыстарын жасады деген күдікпен Қызылорда қаласының 50 жастағы тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Күдікті мамыр айының 2 күні қала орталығындағы дүкендердің бірінен «Нокия Х-1» үлгісіндегі ұялы телефонын ұрлауға оқталып тұрған сәтінде құрықталды. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.