ҚҰРМЕТТI МАЙДАНГЕРЛЕР, ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРI!
мерекесімен құттықтауы
Сіздерді 9 мамыр - Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Ұлы Отан соғысы - біздің халқымыздың, аға буын өкілдерінің, әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытқан қасіретті майдан болса, Ұлы Жеңіс - аға ұрпақтың Ұлы ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке.
Бұл - жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн.
Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен гүлденуі де – осынау Жеңістің жемісі.
Бұл күн тарихта туған жердің бостандығын, келешек ұрпақтың бақытты болашағы жолында қаһармандықпен, ерлікпен күресудің жарқын белгісі ретінде алтын әріптермен жазулы.
“Ел басына күн туып, ер етiгiмен қан кешкен” сұрапыл жылдары мыңдаған қазақстандық майдан даласында кеудесiн от пен оққа тосып, Отанымыздың бостандығын қорғады. Қаншама боздақ азаттық үшiн жандарын пида еттi.
Қасиеттi мереке күнi бiз азаматтық арды ту етіп, өз өмiрлерiн құрбан еткен батыр бабаларымыздың әруақтары алдында бас иемiз.
«Жеңіс» пен «Жетістік» ұғымдары еліміздің даму қарқынымен қашанда қанаттас келеді. Осынау бейбіт өмірге жеткізген ардагерлеріміз аман болғай!
Біз - жеңімпаз әкелердің ұрпағы екенімізді, халықтар арасындағы достық пен бірлікті қастерлеген аға ұрпақтың жалғасы екенімізді мақтан етеміз.
Бұл - өшпейтін тарих, жылдар жылжыған сайын заңғар тартып, даңқы асқақтай беретін - Ұлы Жеңіс мерекесі!
Сіздердің майдан даласындағы жауынгерлік ерліктеріңіз бен бейбіт өмірдегі өнегелі істеріңіз бүгінгі ұрпақ - Біздер үшін әрқашан қаһармандықтың үлгісі.
Құрметті ардагерлер!
Баршаңызды ең қастерлі мереке - Ұлы Жеңіс күнімен тағы да құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін.
Сіздерге деген ерекше құрметпен,
Қызылорда қаласының әкімі Н. Нәлібаев