ӘСКЕР – ӨМІР МЕКТЕБІ
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Гвардейск гарнизонында 2016 жылғы көктемде Қазақстанның Қарулы Күштері қатарына шақырылған мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді шығарып салу рәсімі өтті.
ҚР Қорғаныс министрлігінің сайты хабарлағандай салтанатты шара «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Марат Құсайыновтың басшылық етуімен өтті. 21450 әскери бөлімінің алаңқайында салтанатты сап түзеу өткізілді. Онда адал қызмет атқарып, ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге грамоталар мен алғыс хаттар табыс етілді. Оның ішінде, қызмет өткеру барысында өздерін тәртіпті, атқарушы әскери қызметшілер ретінде көрсеткен 82796 әскери бөлімінің аға топогеодезисті, ефрейтор Архат Білісбекті, 75263 әскери бөлімі инженерлік-саперлік ротасының аға шебері, қатардағы жауынгер Аслан Әлібаевты, қатардағы жауынгер Қозы Бүркітбайұлын ерекше атап өткен жөн.
Аталған мерзімді әскери қызметшілер өздерінің мамандықтарын меңгеріп, әскери ұжымдардың қоғамдық өміріне белсене атсалысты. «Әскерде қызмет ету – бұл нағыз өмір мектебі, шыңдайды және нағыз ер азамат болуға жетелейді. Бұл жерде мен терең білім алып, тәжірибе жинақтадым, тіпті, жаңа мамандықты игеріп алдым», - дейді ефрейтор Архат Білісбек.