ТҰРҒАНБИКЕ МЕН БАТЫРХАН
Ұлы Отан соғысына Жалағаштан үш мыңға жуық азамат аттанып, солардың тек 826-сы ғана елге тірі оралды. Жеңіспен келген әрбір жауынгерді аудан халқы қуана, құшақ жая қарсы алды. Екі мыңға жуық жерлесіміз Ұлы Жеңіс үшін шейіт болып, майдан даласында қалды. Із-түссіз жоғалғандары қаншама. Сол ардақты арыстарымызды біз ешуақытта ұмытпаймыз. Олардың есімдері мен ерліктері күн сөнгенше жасай бермек.
Елін жаудан қорғаған жалағаштықтар қатарында ерлі-зайыптылар Батырхан мен Тұрғанбикенің есімі ерекше аталады. Тұрғанбике Белоруссия ормандарында партизан болса, жұбайы Батырхан Қызыл Армия командирі еді.
Ұлы Отан соғысының партизандары туралы деректерде жерлесіміз Тұрғанбике (Тұрғаш, Тамара) Жұмабаева жөнінде мағлұматтар кездеседі. Қазақ Совет энциклопедиясының 233-і бетінде аты аталған. Аудан тарихы туралы «Жалағашым – жасыл бағым» атты кітапта да ол кісінің өмір жолы баяндалған. Әр жылдары облыстық, аудандық басылымдарда жарық көрген мақалалар, негізінен Шайқы Жүсіпұлының естелігі негізінде жазылған дүниелер. Деректердің аз болу себебі ол кісі 1939 жылы мектеп бітіре сала тұрмысқа шығып, Белоруссияға көшіп кеткен. Соғыстан соң елге оралғанымен көп өмір сүрмегені белгілі.
Әрине, қазір ол кісіні етене жақын танып, араласқан туған-туыстары, құрбы-құрдастары, замандастары жоқтың қасы. Әйткенмен де, Тұрғашпен бір мектепте, бір класта, бір партада отырып, бірге оқыған құрбысын таптық. Ол Жалағаш кентінің тұрғыны, 1925 жылы дүниеге келген қария - Шолпан Байғабылкеліні. Шолпан әжейдің естелігі бойынша Тұрғанбике мектепте өте жақсы оқыған. Зерек, білімқұмар қыз мектепті бітірісімен, сыртта әскери қызмет атқарып жүрген жалағаштық жігітке тұрмысқа шығады.
«Батырхан Тұрғаштың сұлулығы мен ой-зеректігіне, өжеттілігі мен пысықтығына көзі түсті-ау шамасы. Көпшіліктен оқ бойы озық болайын деп тұрған еті тірі, ұйымшыл қыз еді. Егер оқып алғанда үлкен бастық болар ма еді кім білсін. Оқи алмай қалды. Өмірі де қысқа болды. Мектепті бітірген жылы үйленіп, күйеуімен бірге кетті. Сол кеткеннен соғыс аяқталған соң бір-ақ келді...
Сол жылдары станциядан олай-былай өткен поездарға жеміс-жидек, қауын-қарбыз сататынбыз. 1945 жылдың тамыз айының күндері алдын-ала Тұрғаш келе жатыр деген хабар алдық та әне-міне келіп қалады-ау деп жүрдік. Тұрғаштың шешесі сияқты мен де эшелонға қауын сататынмын. Бір күні жақын маңдағы вагоннан әскери киім киген, омырауында медальдары бар қазақ қызы түсе бастады. Біреу «Тұрғаш келді!» деп жар салды. Барлығымыз соған қарай ұмтыла жүгірдік. Ол түсе сала ешкіммен амандаспастан ең әуелі оң қолымен жерден бір уыс топырақ алып, сол топырақты ерніне тигізіп сүйді. Содан соң барып ентіге жүгіріп келген шешесімен қауышты...» деп сөзін аяқтады әжей.
Тұрғанбике 1922 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Жалағаш станциясында дүниеге келген. Аудан орталығында орналасқан Сталин атындағы мектепті 1939 жылы үздік бітіреді. Мектеп бітірген жылы Қызыл Армия қатарында взвод командирі шені лейтенант Батырхан Қаражігітов деген жалағаштық жігітпен бас қосып, күйеуімен бірге Белоруссияның Борисов ауданына жол жүреді. 1940 жылдың шілде айында дүниеге келген сәбилерінің есімін Майданбек қояды.
Соғыс басталған бойда бір-бірінен ажырап қалған ерлі-зайыптылар тек Ұлы Жеңістен соң ғана Жалағашта бірақ кездеседі.
Тұрғанбике соғыстың алғашқы күндерінде әскери қалашықтағы тұрғындармен бірге орманға барып жасырынады. Орманды паналаған бейбіт азаматтар мен әскерилердің біртіндеп топтары көбейіп «Большевик» деген партизан отрядын құрап, аз уақыттың ішінде «Щорс» атындағы партизандар бригадасы атанады.
Осы үш айдың ішінде немістердің бір-бірімен әуе толқыны арқылы сөйлесетін жасырын сөздігін тез арада жетік меңгеріп алады. Әуе толқынында «үлкен жерден» келіп жеткен құпия шифровкаларды тәржімелеп, өте маңызды әрі қажетті ақпарларды өз командирлеріне жеткізіп отырады. Барлаушылар әкелген «тілден» жауап алуға да қатысты.
Диверсиялық топ мүшелерімен бірге Тұрғанбикені немістердің терең тылы Одер өзенінің маңайына арнайы тапсырмамен бір түнде ұшақпен апарып тастайды. Олар сол жерде соғыстың соңғы күніне дейін өздеріне жүктелген жауынгерлік тапсырмаларды ойдағыдай орындап шыққан.
Іздерін жасыру мақсатында орман ішінде кезіп жүрген сәттерінің бірінде қасындағы серіктерімен бірге немістердің жазалаушы отрядының қолына түседі. Көбісі әйелдер болған соң, немістер оларды қорқыту мақсатында араларындағы екі-үш ер адамдарды атып тастайды. Комендатурадағы немістердің қойған тергеу сұрақтарына ешқайсысы жөндерін айтпайды. Тергеуден соң тірі қалғандары өлім лагеріне қамалады.
Концлагерьде барлығы қара жұмысқа жегіледі. Тұрғанбикені офицерлер тамақ ішетін асханаға ыдыс-аяқ жуушы әрі столдарды тазалаушы жұмысына қояды. Тұрғанбике кешке қарай баракқа қайтарда қою тамақ пен нан қалдықтарын орамалына орап өзі сияқты қасындағы тұтқын әйелдерге ала қайтады екен.
Бірде тікенек сыммен қоршалған шарбақ қораның ішінде кеңестік тұтқындар аштықтан тал жапырақтарын жеп, қорек етіп тұрғанын көріп, қолындағы оралған тамағын арғы бетке лақтырады. Бұнысын мұнарада тұрған неміс күзетшілері көріп қояды да Тұрғашты ұстап алып, ұрып-соғып, оң қолын бұрап сындырып, карцерге қамап тастайды. Қамақтан шыққан соң қасындағы тұтқын әйелдердің арасынан бір сынықшы әйел қолына ем жасап, ағашпен таңып береді. Арада екі-үш айдай уақыт өткеннен кейін Кеңес әскерлері келіп бұларды азат етеді.
Тұрғанбике өзінің қысқа ғана ғұмырын Отанын қорғау жолында аянбады. Сол сұрапыл соғыста көптеген кеңестік азаматтар секілді бұның да шаңырағы шайқалды. Қанды шайқастардың бірінде баласынан айырылды. Неміс тұтқынында жүріп, жазылмаған жан жарасының үстіне денсаулығы сыр берді. Елге келісімен ендігі қалған өмірін балаларға арнауды мақсат тұтты. Сол мақсатын іске асырып та үлгіреді. Соғыстан кейінгі жылдары аудан орталығында алғашқы балабақшаның ашылуына зор үлес қосып, бүлдіршіндерді тәрбиелейтін мекеменің бірінші меңгеруші болып тағайындалады. Сол жұмысын өмірінің соңғы күніне дейін атқарып, 1947 жылдың шілде айында жиырма бес жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Ал, енді оның жары Батырханға келер болсақ, қартқұлақ қариялардың айтуынша, ол кісі 1946 жылдың бас кезінде Жалағашқа келіп, құдай қосқан қосағы Тұрғанбикені өзімен бірге алып кеткісі келеді. Бірақ, Тұрғанбике туған жері Жалағашта қалады. Әскери Батырхан Термез қаласына жалғыз өзі жүріп кетеді.
Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойында «Партизан Тұрғанбике» атты сахналық драманы жазу барысында Батырханның туған-туыстары, балаларымен байланысып, ол кісі туралы біраз деректер жинақталды. Батырханның Тұрғанбике қайтыс болғаннан кейін құрған некесінен тараған ұрпақтары әкелерінің бұрынғы әйелі және екеуінен туған ұлы Майданбек жөнінде ештеңе білмейтін болып шықты. Әрине, Батырханның өзімен бірге ала кеткен ішкі сырын білместіктен айтқаныма ыңғайсызданып қалғаным рас, дегенмен әкенің балаларына, мүмкін жарына да айтпаған жан сырын, құдыретті уақыт айтып берді десек те болады. Өйткені, жасырылған құпияларды ашатын, әділ төрелігін беретін, барлығын рет ретімен, өз орнына тап-түйнақтай қылып қоятын – қарт тарих. Үш мыңға жуық жерлестеріміз секілді Батырхан да, Тұрғанбике де Ұлы Отан соғысында елін қорғап аудан тарихында өз есімдерін алтын әріппен жызып қалдырған Жеңіс солдаттары. Ал енді ерлі-зайыпты болып бұл соғысқа қатысқан азаматтар елімізде санаулы ғана шығар.
Қаражігітов Батырхан Елбайұлы 12 қараша 1913 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Ақсу ауылында (№25 ауыл) дүниеге келген. Жалағаш станциясындағы Сталин атындағы мектепте білім алған. Мектепті бітірген 1933 жылдың жаз айларынан бастап 1935 жылдың соңына дейін ауылдық кеңестің хатшысы (ауылсовет секретары). 1935 жылы Қызылорда аудандық әскери комиссариаты арқылы КСРО Қарулы Күштеріне әскер қатарына шақырылады.
Соғыс басталғанда ол ІІ-ші Прибалт майданы, 22-ші Армиясының, 8-ші дербес әскери ВНОС ротасында взвод командирі еді.
Батырханның ротасы 1945 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында арнайы резервке қойылады. 1945 жылдың қазан айынан 1946 жылдың қаңтар айларында Самарқанд қаласында орналасқан Түркістан әскери округіне қарасты (ТуркВО) 660-шы автобатальонының байланыс бастығы. 1946 жылдың қаңтарынан 1947 жылдың қаңтарына дейін Термез қаласындағы 1103-ші атқыштар полкінің байланыс бастығы. 1947 жылдың 27 қаңтарында әскер қатарынан запасқа шығады.
1947 жылдың мамырынан 1950 жылдың ақпанына дейін Алматы қаласындағы Қазрадиокомитетінде диктор, аға диктор болып қызметтер атқарады.
Көп ұзамай Қостанай облысының тумасы Зылиза Нұрмановамен неке құрады. Батырхан Алматы қаласының арнайы байланыс саласында жауапты қызметтер атқарады.
Жұбайы Зылиха екеуі 4 бала (3 қыз, 1 ұл) тәрбиелеп өсірген, олардың барлығы да жоғары білімді. Қазір ұл-қыздары мен немерелері қоғамның әр түрлі саласында жұмыс жасауда.
Батырхан І-ші және ІІ-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, Ұлы Отан соғысындағы «Ерен ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», тағы да басқа көптеген мерекелік медальдармен марапатталған.
Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысқан майдангер 1989 жылы 76 жасында дүниеден озды.
Ал, Тұрғанбике болса соғыс жылдары жеті рет ірі шайқасқа қатысып, олардың барлығында да табандылық пен ерлік көрсетіп, екі фашистің көзін жойды. Ол І-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы партизаны» медальдарымен марапатталады. Кейбір деректерде Тұрғанбике «Ерлігі үшін» медалімен де марапатталғандығы жөнінде айтылады.
Біз Тұрғанбикедей батыр қазақ қызын мақтан тұтамыз. Бүкіл қазақ халқының мақтанышы Әлия мен Мәншүк секілді Тұрғанбикенің де Отан қорғауға қатысып, қан майдандағы өмір жолын өскелең ұрпақ бойына сіңдіріп, патриоттық тәрбие беру жолында пайдалана білуіміз қажет.
Марат ШӨМЕКЕЙ,
аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері