3 ЖЫЛ МЕРЗІМГЕ КӨЛІК ҚҰРАЛЫН БАСҚАРУ ҚҰҚЫҒЫНАН АЙЫРЫЛДЫ
Мас күйінде көлік жүргізіп өзінің де, өзгенің де өмірі мен денсаулығына қауіп төндірушілерден қоғамға келетін зиян да өте жоғары. Еліміздің құқық қорғау органдары бұл салада көптеген жұмыстар жүргізіп жатқанымен мас күйінде көлік жүргізу оқиғалары әлі де азаяр емес.
Жыл басынан бастап осындай құқық бұзушылығы үшін 20 азаматқа қатысты әкімшілік іс Сырдария аудандық сотында қаралып, құқық бұзушылардың дені көлік құралын басқару құқығынан айырылған.
Мәселен, жуырда аудандық сотта құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс қаралды. Әкімшілік іс хаттамасы бойынша құқық бұзушы автокөлігін алкогольдік масаю күйінде басқарған. Ол сот отырысында кінәсін толығымен мойындады.
Сот қаулысымен құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 608 бабының 1 бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.