АСТАНАДА ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ ИНТЕРАКТИВТІ ДӘРІСІ ӨТТІ
ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында Орталық коммуникациялар қызметінде Қорғаныс министрлігі алғаш рет «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері – Тәуелсіздік күзетінде 25 жыл» тақырыбында жалпы білім беру мекемелерінің оқушыларына арналған интерактивті дәріс өткізді.
Іс-шараға ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Талғат Мұхтаров, ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Қайрат Садықов, Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Дулат Адырбеков пен ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары, 1-дәрежелі капитан Ермек Байғабылов қатысты.
Аталған дәрістің қаралымы республиканың барлық мектептерінде онлайн режімінде ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Одан басқа, дәріс Қорғаныс министрлігінің www/mod/gov/kz ресми сайтында тікелей эфирде көрсетілді.
«Қорғаныс министрлігі жас армияшылар бірлестіктерінің республикалық штабы және ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы арқылы Қазақстанның өскелең ұрпағына әскери-патриоттық тәрбие беру саласында жастар қоғамдық ұйымының қызметін үйлестіреді. Бұл дәріс заман талабына сай және патриоттық тәрбие беруде ауқымы кең», - деді өз сөзінде генерал-майор Талғат Мұхтаров.
Өз кезегінде, генерал-майор Қайрат Садықов оқушыларға қазақстандық армияның тарихы мен заманауи жетістіктері туралы айтып берді. Оның ішінде, ол бүгінгі таңда Қарулы Күштердің ең мобильді және жоғары технологиялық түрі болып табылатын ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара соңында оқушыларға ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған арнайы бейнеролик көрсетілді.