ПРЕЗИДЕНТТІК ПОЛК САРБАЗЫ
Қайрат жастайынан әскери форма киіп, қолына қару ұстаған жандарды ерекше жақсы көрді. Сонау мектеп жасында жүргенде-ақ, спортпен айналысып, ауылда қазақша күреспен жанына шұғылданды. Бүгінде ол Астана қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік полктің «Айбын» бөлімінде әскери келісімшарт бойынша қызмет атқарады.
Қарапайым ауыл баласы Қайрат Аманбайұлы Сайлыбаев Арал ауданына қарасты Ерімбетжаға елді мекеніндегі №18 негізгі мектепте білім алып, қияға қанат қаққан-ды. Онан кейін Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе көлік коммуникация және жаңа технологиялар колледжіне оқуға түсіп, оны «Темір жолды жөндеу және техникалық қызмет көрсету» мамандығы бойынша бітірген болатын. Жалынды жас 2013 жылы әскерге шақырту алып, әскери тұлға болсам дейтін мақсатына айқын жол ашылғанын сезеді. Арманы алдамапты. Сол жылдың көктемінде Республикалық Ұлан қатарына әскери борышын өтеуге жеберілді. Алматы қаласында бір ай бойы әскери өмірге бейімделген Қайрат, әскери ант қабылдаған соң, Астана қаласындағы 0112 әскери бөліміне ауыстырылды. Бір жыл бойы Астана қаласында әскери борышын абыроймен өтеген сарбаз келісім шарт бойынша жұмыс жасауға ұсыныс алды. Бүгінде аталған қызметті абыроймен атқарып, өзінің Отан алдындағы міндетін орындап келеді.
Әскерилер арасындағы қазіргі уақытта жауапты қызметте жүрсе де жұмыстан қолы қалт еткенде қазақша күрес, дзюдо, самбо сынды спорттық сайыстарда бақ сынауда. Сол спортта да жақсы жетістіктері де жетерлік.