ҚЫЗЫЛОРДАДАН 800 АЗАМАТ ОТАН АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫН ӨТЕУГЕ АТТАНАДЫ
Қызылорда облысынан Қазақстан Республикасының Қарулы күштері мен өзге де әскери құрылымдарына қызметін өтеуге 800-ден аса азамат аттанады. Жастарды әскерге шығарып салу іс-шарасы 25 наурыз бен 26 маусым аралығында жүреді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Мұрат Дәулетбақов мәлімдеді.
Оның айтуынша облысқа қарасты аудандар мен Қызылорда қаласында бекітілген жоспарға сәйкес әскер қатарына шақырылушылар, олардың ата-аналарымен алдын ала зерделеу жұмыстары жүргізілді. Іріктеуден өткен 1411 азамат медициналық комиссиядан өтуде.
Сонымен қатар департамент бастығы 7 мамыр Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күнін мерекелеуге қатысты жоспарланған жұмыстарына тоқталды.
- Биыл ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Осы орайда «25 игі іс» тақырыбында көпбалалы отбасыларына арналған қайырымдылық шарасы ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, қос мереке қарсаңында облыстық филармонияда 8 мамыр күні «Ұлы Жеңіс – рух айбыны» атты мерекелік концерт өтеді. Ал, әскери қызметшілердің балалары арасында «Әскер балалар көзімен» тақырыбында сурет салу байқауы ұйымдастырылады, - дейді М.Дәулетбақов.
Фариза ОМАРОВА