ЖАМАНҚҰЛОВТЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА БАЙЛАНЫСТЫ СОТ ОТЫРЫСЫ ӨТПЕЙ ҚАЛДЫ
Алматы қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Феникс» фильмі бойынша өтуі қажет болған сот процесі Тұңғышбай Жаманқұловтың сырқаттанып қалуына байланысты кейінге шегерілді. Істі жүргізуші судья Тәкен Шакиров егер Жаманқұлов келесі сотқа қатыспайтын болса, оны қамауда ұстау шарасын өзгертетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат .
Сотта Тұңғышбай Жаманқұловтың авдокаты қорғауындағы азаматтың 4 мамырдан бастап, емханада станционарлық емделуде жатқанын растайтын анықтаманы судья Тәкен Шакировке табыс етті . Анықтамада Тұңғышбай Жаманқұловқа артериалды гипертония, жүрек ауруына қатысты диагноз қойылғаны көрсетілген.
Оның адвокаты Тұңғышбай Жаманқұловтың түнде жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға алып кеткенін айтқанымен, судья Шакиров бұған наразылық танытты. «Біз Жаманқұловсыз сотты бастай алмаймыз. Өткен сот процесінде Жаманқұлов өтінімхат беріп, экономикалық сарапшылар шақыртуды сұраған, біз оның сұрауы бойынша 3 сарапшыны шақырттық, келе жатыр. «31 арна» мамандарын фильм («Феникс» - ред.) тизері бойынша алдыртып жатырмыз. Барлығының да денсаулығы нашар, барлығының да жұмысы бар. Әсіресе, қамауда отырғандардың (Жәнібеков, Ысқақова, - ред) денсаулығын тексерсе ақау шығады. Егер ол келесі жолы сотқа келмейтін болса, оны қамауда ұстау шарасын өзгертемін,- деді Такен Шакиров.
Еске сала кетейік, 28 сәуір күні Феникс» кинокартинасына бөлінген қаражатты қолды етіп, мақсатсыз жұмсады деп айыпталып отырған фильм режиссері Талғат Жәнібековті қамауда ұстау мерзімі бір айға, 2017 жылдың 28 мамырына дейін ұзартылған болатын. 27 сәуір күні өткен сот отырысында Тұңғышбай Жаманқұлов судьяға өтінімхат беріп, іс бойынша экономикалық сараптама тағайындауды сұраған.