ТӘЙІМБЕТ КӨМЕКБАЕВ ТУРНИРІ БАСТАЛАДЫ
Ертең Жосалыда самбодан Кеңес Одағының батыры Т.Көмекбаев атындағы дәстүрлі турнир жалауын көтереді.
Тәйімбет Көмекбаев 1942 жылы соғысқа алынып, I Украина майданы 21-армия 128-атқыштар дивизиясы құрамында шайқасты. Жау шебіне талай аттанған барлаушы майданда ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Ол 1945 жылы алғашқылардың қатарында Одер өзенінен өтіп, оның батыс жағалауындағы плацдармды ұстап тұрған жауынгерлер қатарында жау шабуылын тойтаруға катысты. Бриг қаласына шабуыл барысында жаудың станокты пулеметін, 60 әскерін жойып, 12 гитлершіні тұтқынға алды. Осы ерлігі үшін Т.Көмекбаевқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1945 жылы Кеңес Одағының батыры атағы берілді.
Ал батыр атындағы мемориал 1996 жылдан бастап өткізіліп келеді. Бұл күнде халықаралық сайысқа көтерілген додаға биыл елімізден бөлек Армения, АҚШ, Әзірбайжан, Белоруссия, Болгария, Ұлыбритания, Грузия, Германия, Греция, Жапония, Иран, Ирландия, Израиль, Қырғызстан, Корея, Латвия, Литва, Молдавия, Моңғолия, Ресей, Сербия, Тәжікстан, Түркия және Өзбекстаннан 300-ге жуық спортшы қатыспақшы. Бұл Т.Көмекбаев мемориалының әлем самбошылары арасында беделді жарысқа айналғандығын көрсетеді.
Турнир аясындағы жекпе-жектерден кейін балуандар абсолютті салмақта «Түйе палуан» жүлдесі үшін күреседі.