НӘРЛІ ТОПЫРАҚҚА ТҰҚЫМ ТҮСТІ
Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылындағы егістік басында «Дала күні» аталып өтті, деп жазады Сыр бойы газетінің тілшісі.
Онда облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен күріш алқабына дән себілді. Егін науқанының жаршысындай айтулы күнде аймақ басшысы биылғы өнімнің берекелі, молынан болуын тіледі.
«Байтабын» ЖШС-ның күріш¬¬шілері биыл да биіктен көрінуді көздеп отыр. Өткен жылы гектарына 65 центнерден өнім алған шаруашылық іргетасы 1999 жылы қаланған. Одан беріде талай жыл өтті, ол күндер еншісінде бесбатпан бейнет бар. Бүгін, міне, соның зейнетіндей, үлкен ұжымға айналды.
– Рас, алғашқы жылдарда жағдай қиын болды. Қазіргі күні ол көрген түске айналғандай. Шаруашылық көкжиегін кеңейтті, егістік жеріміз 2 мың гектардан асады. Биыл соның 1400 гектарына күріш дәнін сеуіп, 800 гекатардай жерге жоңышқа отырғызсақ деп отырмыз. Жұмысшылар жағдайы қуантарлықтай, айлық жалақылары 120 мың теңге. Негізі 107 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Қазіргі күні шаруашылық 400 гектарға дән сеуіп, 200 гектарын суға бастырып үлгерді, – дейді шаруашылық басшысы Сапарбек Мыханов.
Егіс басында аймақ басшысына Жалағаш ауданы әкімі Талғат Дүйсебаев диқандар алдындағы маңызды міндеттерді баяндады. Аудан осы жылы 18100 гектар жерге сыр салысын отырғызбақ. Былтыр 19500 гектар жерге себілген дәннен 57,3 центнерден өнім алған. Аудан әкімінің айтуынша, өңірде 34 ауылшаруашылық кооперативі құрылған. Олардың табысты қызмет етіп жатқандығына «Байтабын» өндірістік кооперативі дәлел.
Сонымен қатар, облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысы Бақыт Жаханов облыс әкіміне диқандарға жасалып отырған мемлекеттік қолдау жайынан ақпар берді. Оның айтуынша, биылғы жылы Сыр диқандары 4 млрд теңгеден астам субсидия алмақ. Техникаларға қажетті жанар-жағармайдан ешқандай мәселе жоқ. Өңірде 78,4 мың гектар жерге күріш дәні себілсе, 6,1 мың гектарға басқа дәнді дақылдар отырғызылмақ. Маңызды жаңалықтардың бірі – «Дала күнінде» себілген дән – бірінші репродукциялы «Янтарь» сорты. Ресейден алынған сапалы тұқым бүгінде 5 ауданға таратылған.
Егістікке дән себілген соң Бұқарбай батыр ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Нұрмағанбетов ақ батасын берді.
Айта кетейік, облыс төрт жыл қатарынан күріштен рекордтық өнім жинады. Сондай-ақ, аймақта ауыл шаруашылығы саласын әртарап-тандыру және экспортқа бағытталған өнім өндіру жұмыстары қарқынды жүзеге асырылуда. Оның ішінде, күріш, балық және қауын экспортталуда. Сондай-ақ, қытайлық инвесторлар облыс аумағында қымыз, шұбат және томат пастасын өндіретін зауыт салуға, ал Парсы шығанағы елдері соя, жүгері егіп, сиыр, қой өсіруге ниет білдіріп отыр.