ХААФ ПОДОБЕДОВАНЫ 8 ЖЫЛҒА ШЕТТЕТТІ
Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (ХААФ) допинг-сынамаларында тыйым салынған заттардың іздері анықталған қазақстандық үш ауыратлетке қатысты шара қолдану туралы ресми шешім шығарды, - деп хабарлайды Vesti.kz ҚР ААФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
IWF тәртіптік-бақылау комитетінің шешімі бойынша Светлана Подобедова 8 жылға спорттан шеттетілді. Ал Майя Манеза мен Зульфия Чиншанло 2 жыл жарыстарға қатыспайтын болады. Бұл шешім спортшылардың қанында допинг анықталған күннен бастап есептеледі. Демек, Майя Манеза мен Зульфия Чиншанло 2018 жылдың маусым айынан бастап жарыстарға қатыса алады. Ал Светлананың 7 жылдан кейін спортқа оралуы екіталай.
Тағы бір айта кетерлігі, спортшылар жарыстардан шеттетіліп қана қоймай, осыған дейінгі рекордтары мен чемпиондық атақтарын кері қайтарады. Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан ауыр атлетика қауымдастығының қолдауымен құрылған қорғаушылар мен зерттеуші мамандар тобы қазақстандық спортшылардың допинг сынамаларын қайта қарап, зерттеудің барлық кезеңінде спортшыларды қолдау мақсатында өз нәтижелерін ұсынған болатын.