ЖЕҢІС МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ АРХИВТЕ КӨРМЕ ӨТТІ
Жеңіс күні қарсаңында Қызылорда облысының қоғамдық-саяси тарихы мемлекеттік архивінде «Жеңіс-қаһармандар рухы» атты тақырыптық көрме дайындалды.
«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген қағиданы ұстанған шараға қатысқан Қызылорда медициналық колледжі мен Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжі студенттері, ұстаздары бізге бейбіт күн сыйлаған алдыңғы буын ерлігіне қанық болды.
Көрмеге 1941-1945 жылғы құжаттар, «Реммашпуть» металл зауытының Жосалы станциясына көшірілуі жайлы деректер, облысқа эвакуацияланған «Эмальштамп» кәсіпорнын орналастыру, олардың жұмысы жайлы мәліметтер қойылды.
Сондай-ақ студенттер ,№3979 эвакогоспиталінің жұмысы жайлы мәліметтермен, ФЗО мектебіне жастарды оқуға шақыру туралы қаулысымен танысты. Жауынгерлердің майдан даласынан жіберген ұшбұрышты хаттары, Украин мемлекеттік «Артем» театрының жұмысы туралы қаулы, 9 Мамыр - Жеңіс күнін жариялау туралы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бір сәт кешегі күннің бейнесін елестеткендей болды.
Ардагерлер жайлы қор коллекциясында Ә.Әлжанов, Ә.Байшуақов, Ж.Байхожаев, Т.Жұмабаев, А.Кореченко, Б.Құлманов, Ғ.Мұхамеджанов, С.Сейтовтің өмірбаяндық деректері, жеке басын куәландыратын құжаттары, орден-медальдарының куәліктері, суреттері қойылды.