АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Ұлы Отан соғысының ардагерлері М.Бержанов пен Д.Сақтағановты Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Б.Өтегенова, облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Қ.Қобландин және облыстық ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Тұңғышбаев бастаған сала мамандары келе жатқан Жеңіс мерекесімен құттықтап, құрмет көрсетті.
Майдан даласынан елге жеңіспен оралған ардагерлерге арнайы сый-сияпат табысталды.
Аудан әкімінің орынбасары Балшекер Сұлтанбекқызы Ұлы Жеңістің 72 жылдығын атап өтуге байланысты ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтып, аудан әкімінің сәлемдемесін жеткізді.
Сонымен бірге, бүгін сала мамандары қызмет бабында қаза болған полиция лейтенанты, II дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Т.Қозыбаевтың шаңырағында болып, батыр ұлдың ата-анасына сый-сияпат табыстады. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр – Жеңіс мерекесімен құттықтап, игі тілектерін айтты.