ҚҰДАЙЫ АСТАҒЫ ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ ЖАЙЫ СӨЗ БОЛДЫ
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Талғат Омаров пен «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Бақытжан Камаловтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Онда Елбасының қатысуымен өткен ІІ республикалық имамдар форумында қабылданған құжаттар туралы және және өңірдегі діни ахуал мен мешіт тәртібі, мешіт жамағаттары үшін бекітілген арнайы ережелер жайы сөз болды.
Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында «Ислам және өркениет» тақырыбында ІІ Республикалық имамдар форумы өткендігі белгілі. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 500 имам жиналған. Қызылорда облысынан 20 имам қатысып қайтты. Форумға ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бастаған мемлекет және қоғам қайраткерлері мен Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия елдерінің бас мүфтилері, Ресейдің Омбы, Алтай аймағының мүфтилері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, дінтанушылар қатысып, игі бастамаға орай оң пікірлерін білдіріп, баяндама жасады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмыс үдерісін жаңа белестерге көтерген бұл тарихи құжаттардың заңды жалғасы ретінде ІІ республикалық имамдар форумында екі бірдей тарихи құжат талқыланып, қатысушылардың бірауыздан мақұлдауына ие болды.
-Форумда «Үздік зияткер имам» тұжырымдамасы қабылданды. Аталған құжат дін қызметкерлерінің беделі мен білімін арттыру бағытындағы бірегей қадам деп білеміз. Имамдар форумында қабылданған келесі құжат – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымын айқындайтын «Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы». Бұл құжаттарды қабылдаудағы негізгі мақсат – бүгінгі ХХІ ғасыр талабына жауап беретін білімді, тәжірибелі, бірнеше мамандықты меңгерген білімі жан-жақты имамдар тобын қалыптастыру. Сонымен қатар дәстүрлі мәзһабымыз – Әбу Ханифа мәзһабын жалпы халық арасында, әсіресе жастар арасында көбірек насихаттау болып табылады, - дейді Талғат Омаров.
Сондай-ақ, баспасөз мәлихатында құдайы ас дастарханы жайлы да әңгіме болды. Жалған намыс жетегінде жүрген көпшілік Құдайы ас берудің өзіндік әдебі мен тәртібін жиі ұмытады. Бірақ, шектен тыс шығынға батып, ысырап етуге болмайды.
– Мұндай ысырапшылдықты дініміз де құптамайды,- дейді Т.Омаров. – Құдайы астың ортақ мәзірі әзірленіп, көпшілікке ұсынылды. Мәзір бойынша тары, талқан, жеті нан, бауырсақ, құрма, шай мен су, ыстық ас қана болуы тиіс.