НҰРОТАНДЫҚТАР АЙДАНАҒА КӨМЕК КӨРСЕТТІ
Партияның қоғамдық қабылдауы – халықпен тиімді жұмыс жасаудың тетігі. Осындай қабылдауда облыс орталығында тұратын Айдана Оралбайдың жағдайына қаныққан партиялықтар мүмкіндігі шектеулі қызға көмек қолын созды.
Айдана Оралбай III-топ мүгедегі. Қаладағы №6 есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп интернаттың 8 сыныбында оқиды. Дарынды қыз би билейді, ым тілінде ән айтады, сурет салуды да жақсы көреді. 3-ші сыныптан бастап Астана қаласында мүмкіндігі шектеулі балалар арасында ұйымдастырылатын республикалық «Жұлдызай», облыстық деңгейде өтетін «Жүрек жылуы» байқауларында топ жарған
- Жуырда Айдана ғаламтор арқылы халықаралық конкурсқа қатысуға жолдама жеңіп алған еді. Санкт-Петербург қаласында өтетін бұл шараға қаржы тауып беру біз үшін қиын болды. Қалталы азаматтардан көмек сұрағанымызбен селт еткен ешкім бола қойған жоқ. «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына жазылып, жағдайымды айттым, - дейді Айдананың әжесі Гүлдарай Қожағалиева.
Осылайша партиялықтар көмегімен Айдана Санкт-Петербург сахнасында өнер көрсетеді. Талантты қыздың жағдайымен танысқан жетекші партия мүшелері оның жол шығынына кететін қаржыны тауып берді.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мақсұт Баекеев жыл басынан бері оларға 1369 өтініш түсіп, оның 25 пайызы шешімін тапқанын айтады. Әр айдың алғашқы күні «Кедергісіз келешек - Будущее без барьеров» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініштері арнайы қаралады.
– Бұл санаттағы жандардың өтінішіне ерекше мән беріледі. Айданаға берілген көмекті облыстық, қалалық мәслихаттағы партия фракциясының мүшелері ұйымдастырды, – дейді ол.