ҚЫЗЫЛОРДАДА АҚ ХАЛАТТЫЛАР СЫНҒА ТҮСТІ
Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен 12 мамыр –Халықаралық мейірбикелер күніне орай, «Үздік мейірбике -2017» байқауы өтті. Бұл туралы басқарманың баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіби конкурста 10 жылдан кем емес еңбек өтілі бар, бірінші және жоғары біліктілік санаты бар мейірбикелер екі кезеңдік байқау бойынша сынға түсті. Бірінші кезеңде барлық мейірбике қатысып, үздік 8 мейірбике ІІ кезеңге өтті.
Екінші кезең бойынша, қатысушылар өздерін таныстыра отырып, ситуациялық есептер мен практикалық дағдылар бойынша кәсібилігін көрсетті.
Байқау қортындысы бойынша І орын облыстық медицина орталығының кардиореабилитация бөлімінің мейірбикесі Жанар Байуловаға бұйырды. ІІ орынды қалалық №6 емханасының күндізгі стационар мейірбикесі Замира Әукенова жеңіп алды. ІІІ орынды облыстық онкология орталығының мейірбикесі Маржан Әшімова, теміржол ауруханасының әйелдер бөлімінің мейірбикесі Дана Бисембаева өзара бөлісті.
Жүлдегерлерге «Денсаулық» шипажайына тегін және жеңілдетілген жолдамалар берілді.