ЖАС КӘСІПКЕРДІҢ 681 750 ТЕҢГЕСІ ҚАЙТАРЫЛДЫ
Осы жылдың сәуір айында Кәсіпкерлер палатасына жас кәсіпкер Бекенбай Досболдан өтініш келіп түскен болатын.
«Кәсіпкерлік жолды бастағаныма бір жылдан аса уақыт болды. Осы кезең ішінде мемлекеттік сатып алу тендеріне қатысып, келісім-шартқа сай міндеттерімді атқарып, мемлекетке тиісті салығымды уақытылы төлеп келемін.
Кез келген шағын кәсіптің дамуы оның айналымындағы ақшасының сақталып, үнемі өсіп отыруында. Бауыржан Мадраимов мырза басқарып отырған «Қызылордажылуэлектрорталығы» ШЖҚ МКК-мен жасалған келісім-шарт бойынша өз міндеттерімді толығымен және шарт мерзімі бойынша уақытылы атқарып, мекемемен тиісті алыс-беріс актісіне қол қойылған болатын.
Алайда жұмыс жасаған мекеме өзіме тиесілі 681 750 теңгені уақытылы төлемеді. Сол себепті облыстық ауданаралық сотына беріп, сот аталмыш қаржыны менің пайдама өндіріп беру туралы шешім шығарды.
Қаржы тапшылығына байланысты оқу мен кәсіпті қатар ала жүріп, тапсырыстың тиісті қаражатын таныстарымнан қарызға алған болатынмын. Тапсырыс берушінің қаржыны уақытылы бермеуі салдарынан материалдық шығынға ұшырап, кәсібім тығырыққа тірелді», - деген жас кәсіпкер Бекенбай Досбол Палатадан қаржысын қайтаруға көмек көрсетуін сұраған болатын.
Палата заңгерлерінің жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде іс оңынан шешіліп, кәсіпкерге екі күннің ішінде 681 750 теңге ақшасы аударылған.
Жақында кәсіпкер Палатаға және бір хат жазды. Досбол хатында Палата заңгерлерінің, нақтырақ айтқанда Ирина Кимнің тиісті қаражатты жедел өндіріліп беруге қосқан еңбегіне алғысын білдірген.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі