ЕЛОРДАДА «ҚАЗАҚСТАННЫҢ АШЫҚ КІТАПХАНАСЫ» ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Астанада алғаш рет «Astana - Bilimland» онлайн-жобасы іске қосылды. Ол көркем және ғылыми қазақ әдебиетін цифрландыруға және толықтай қамтуға бағытталған. Коммерциялық емес жобаны қала әкімдігінің қолдауымен «WikiBilim» қоғамдық қоры қолға алған. Бұл туралы BNews.kz қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Бұл жобаның мақсаты - осы күнге дейін Қазақстанда басып шығарылған және шетелде Қазақстан туралы жарық көрген барлық кітаптарды жинау. Біз қазір 10 000-нан аса туындыны е-паб форматына көшіріп үлгердік. Сондай-ақ, әрбір автормен келісіп, авторлардың өздері және олардың құқықтарының мұрагерлері бізге аталған ресурста пайдалану құқығын берді», - деп мәлім етті «WikiBilim» ҚҚ қамқоршылар кеңесінің мүшесі Нартай Әшім.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Astana - Bilimland» онлайн-жобасының қызметін пайдалану үшін елорда тұрғындары мен қонақтары интернетке қосылған ұялы гаджеттің көмегімен баннердегі қажет кітапты таңдап, QR-кодын сканерлер, қалаған кітабын оқуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, оқырмандар аудиокітап қосымшасын жүктеп алса, барлық кітаптар интернет жоқ жерлерде қолжетімді болады.
Ұйымдастырушылар алғашқы баннерді «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының аялдама кешенінде орнатты. Жақын уақытта қаланың барлық қолжетімді нүктелерінде осындай 27 баннер орнатылмақ. Атап айтқанда, мектептерде, әлеуметтік маңызды нысандарда, халыққа қызмет көрсету орындарында және т.б. қоғамдық орындарда.
«Біздің басты мақсатымыз біздің мәдени мұрамызды, мәдени кодымызды қалыптастыратын туындылардың үнемі балалардың, өскелең ұрпақтың көз алдында болуын қамтамасыз ету, кітап оқуды жастар үшін қолжетімді ету. Жоба кітап оқуға ынталандырып, өзіміздің бай мұрамыз бен құндылықтарымызды білуге итермелейді деп үміттенеміз», - деді Нартай Әшім.
Осы кезеңде кітапханада 10 000-нан аса электрондық кітап, 1500-ге жуық аудиокітап және 400-ден аса аудиоертегі бар. Кітапхана шеңберінде қазақ тілінің әмбебап сөздігі жұмыс істейді, оған 150 000-нан аса сөз бен сөз тіркесі енгізілген. Кітапхана қорының базасы жас және қазіргі заман авторларының туындыларымен үнемі толықтырылып отырады. Жобаның ұйымдастырушылары әлемдік тәжірибеге сүйенгендерін айтады.
Еске салсақ, Астананы кітапты көп оқитын қалаға айналдыру бастамасын шаһар басшысы Әсет Исекешев көтерген.