«ЭЛЕКТРОНДЫ ҮКІМЕТ» АУЫЛҒА ДА ЖЕТТІ
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша «Халыққа қызмет көрсету» департаментінің директоры Аида Әбибуллаева "Электронды үкімет" порталы жайлы және мемлекеттік қызмет көрсету туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында Жаңақорған, Шиелі аудандарында орналасқан шалғай елді мекендерде болып, тұрғындармен жүздесті.
Жаңақорған сапары барысында департамент директоры алдымен аудан әкімі Ғалым Әміреевпен кездесіп, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.
Бұдан соң Еңбек ауылында кездесу өтіп, онда мемлекеттік қызметтер бойынша ақпараттық-құқықтық қызмет көрсету бағытында әңгіме өрбіді. Тұрғындарға мемлекеттік қызметтің қолжетімділігі мен тиімділігі тұстары айтылып, барлық құжаттарды сапалы әрі жылдам алуға болатыны түсіндірілді. Жаңа туылған баланы тіркеу, әлеуметтік көмек, композиттік қызмет түрлері мен мемлекеттік жаңа қызметтер бойынша мәліметтер айтылды. Кездесуде жекеменшік құқығын тіркеу, есепке тұрғызу және шығару мәселелері бойынша халық тарапынан қойылған сұрақтарға толығымен жауаптар берілді. Тұрғындар департамент басшысына пікірлерін айтып, жылы лебіздерін білдірді.
Осындай кездесу Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылында да өтті. Департамент директоры «Қазпошта» АҚ бөлімшесінің жұмысымен танысты. Онда е-қызметтер электрондық мемлекеттік қызметтерді көрсетудің пилоттық жобасы жетістіктерін оң бағалады. Қазіргі таңда Қазпошта бөлімшесі 26 түрлі мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетуде. Осыдан үш жыл бұрын іске қосылған жоба аясында бүгінгі күнге дейін 2678 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілді.
Бұрын мекен жай, жылжымайтын мүлік тіркелімі бойынша анықтамалар алуға, жер учаскесін рәсімдеуге, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдерді реттеу және басқа да қызмет түрлерін алу үшін аудан орталығына бару қажет болатын. Ал қазір электрондық үкімет порталы арқылы бір ғана өтінішпен барлық жұмысын шешуге болады.
Сұлутөбеліктер ХҚКО жұмыстарына разы екендіктерін білдіріп, оңтайландыру нәтижесінде қызмет көрсету мерзімдері қысқартылып, уақыт үнемделгеніне, әсіресе қарт адамдарға мемлекеттің жасап жатқан қамқорлығына ауыл ардагерлері ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын берді
- Бұл ең алдымен біз сияқты қарт адамдарға мемлекет тарапынан жасалған жақсылық деп білемін. Ауылға әдетте жаңашылдықтар кеш жетеді, көбіне оны түсінбей сол бұрынғы әдетпен аудан орталығына жүгіре береміз. Бүгінгі өткізген кездесу барысында біраз мәселенің жай-жапсарын түсіндік, - деді Сұлутөбе ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ералы Жұмәділов.
Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 6 сәуірінен бастап Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылы мен Арал ауданы, Сексеуіл кенті, Жақсықылыш ауылдық округінде "Қазпошта" АҚ селолық пошта байланысы бөлімшелері іске қосылды. Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 724 мемлекеттік қызмет түрін көрсетуде.