ЖАНҚОЖАНЫҢ ТӨРТ ТӨРЕЛІГІ. БӨРІ ТӨРЕ
Әдетте абориген қазақтарға жақсы сөз қимай үнемі астам, үнемі кемсіте бағалайтын орыс шенеуніктерінің бірі оның дұшпан екендігін мойындай тұра: «Жан-Хожа Нурмухаммедов родом шектинец, сподвижник Кенисары Касымова. Вырвался из толпы киргиз природным умом, физической силой, как прекрасный наездник и народный судья (бий)» деп бағалаған.
Батыр жайындағы ауыз әдебиетінде оның күш-қуат пен ақыл, ерекше батылдық талап ететін талай-талай ерлік істері дәріптелгенмен, ат құлағында ойнайтын нағыз дала жауынгері екендігі суреттелген емес.
Заманы өткен билер сөзі халық жадында көбіне-көп әділ кесіммен бірге тапқыр сөз, айшықты орам арқылы да ұмытылмай сақтала береді. Туралық пен батылдық қасиеттері болғанымен Жанқожа шешен еді деп ешкім айтпайды. Жеткізушілердің сөздеріне бақсақ, көп тыңдап, кесімін бір-ақ есіттіретін біртоға кісі болған. Дауласкерлерді сұлу сөзге емес, әділ шешімге жыққан.
Десек те бүгін Жанқожаның ел аузында сақталған – екі, мүнәйім себептермен қағазға түсіп қалған – екі, барлығы – төрт төрелігін жұртшылыққа жеткізудің сәті түсіп тұр.
Оңтайы келіп тұрған соң батырдың өліміне қосымша сылтауға жүрген Бөрі төреге де тоқталдық.
Автор
Феодалдық дәуірдегі қазақ тіршілігінде билердің әлеуметтік-тұрмыстық маңызы ерекше болды. Олар ру басқарды, қыс қыстау мен жаз жайлау, еларалық қатынас, көшпенділер тіршілігінде болмай тұрмайтын әрқилы дау-дамай шешімі түгелге дерлік ауыл ақсақалдары мен осы билердің мойындарында.
Қазақтың ол кездегі негізгі дауы – жер мен жесір. Ескі қағаздарда қарай жүргендегі бір шындық – барымта дауына да көз сүрінеді. Үйір-үйірді былай қойғанда, мыңдаған жылқыны жер асырып кеткен тонаушылар туралы мағлұматтар кезіккенде таңданбасқа үддең қалмайды екен.
Осы мақаланы жазуға түрткі болған Жанқожа төрелікке түскен екі даудың мағлұматы. Қағазда хатталып, хабарламада көрсетілген. Осы мағлұматтардың орайымен әлі ұмытылмай ел аузында келе жатқан, тізгіні батыр қолына тапсырылған екі билікке де тоқтала кетудің орайы келіп тұр.
...Арқадан орыстар ішке қарай бірінен кейін бірі бекіністер салып, күнгейден Сырдарияны иектеп отырған Хиуа, сәл жоғарыда Қоқан. Өріс қусырылып, халық кімге тәуелді боларын білмей сергелдеңге түскен әрі-сәрі алмағайып кезеңде патша жақтан шен алмақ дәмемен кішкененің белгілі билерінің бірі Раманқұл Орынбор аттанады да қайтар жолда Қарағұлдың тосқауылына ілініп, өзі бастаған біраз адам мерт болады.
Әлдеқандай барымтадан басталған кек екі жақтан да кезек-кезек кісі өлімдеріне ұласып, Қыр шектілері мен Сыр шектілерінің аралары мүлде ушығып тұрған шақ-тұғын. Орыс билігі болса әлі күшіне енбеген.
Осыбір даудың жайы Тойымбет Күлімбетовтың қолжазбасында былайша баян етіледі:
«...Раманқұлды отыз жігітімен өлтірген Қабақ Қарағұл еді. Қарағұлдың отыз жігітімен Раманқұлды өлтіргенін Есет те, Әзберген де мақұл көрмеді. Қарағұлдың аталығындағыларды еліне жолатпады. Сөйтіп жүргенде Орынбор жағынан патша үкіметі Тілеу, Қабақ үстіне жақындады. Орыстардың назары Қарағұл қонысының үстімен жүруге тура келді. Енді Қарағұл Есет жағына да, Әзбергенге де жазығымыз жоқ қой, біз жазсақ, Жанқожаға жазықтымыз ғой. Біз Есет, Әзбергенге жалбарынғанша Жанқожаның өзіне жалбарынайық. Отының басына барып түсіп, өтінішімізді айтсақ, Жанқожа бізді өлтіре қоймас. Ол қай уақытта да адам өлтіруге қардар, құмар адам емес қой. Не де болса, өлсек те Жанқожаның отының басында өлейік, - дейді. – Біз жазықты болсақ Жанқожаға жазықтымыз. Жанқожа бізге не істесе де орынды. Есет пен Әзбергеннің толысын төгіп, ортасын шайқағанымыз жоқ қой деп ойласып, кеңесіп, он жеті адам Қарағұлмен онсегіз, болып аттанып, Жанқожа батырға жүреді. Жолға шыққан соң тағы ойласады. «Ол жақын жер емес, біз бір топ адам. Біздің Қыр шектісі екенімізді айтпай-ақ таниды. Бізді жолда Сыр шектілерінің біреуі көріп, біздің Тілеу, Қабақ екенімізді біліп, Жанқожаның отының басына жеткізбей жазым қылар. Біз былай жасайық. Жанқожаның ауылына барғанша тобымызбен жүрмейік. Бөлініп екеуден, біріміздің қарамызды біріміз қарап отырып, жоқ қараған адамдай түнде қосылып бірге жатып, күндіз басқа-басқа жүріп, Жанқожаның ауылына жақындағанда басымызды қосып, шұңқырына түсейік, деп осылайша жүріп келіп тап анау Жанқожаның ауылы дегенде бастарын қосып, он сегіз адам батырдың үйінің тұсына келіп, аттарынан түсіп, аттарын байлай береді. Түсіп жатқан адамдарды көріп, батыр ауылының адамдары батырдың үйіне келіп, батырға айтады. Он сегіз адам аттан түсіп, аттарын байлап жатыр. Аттары жарау, алыс жол жүрген аттардың түрі секілді. Өздері де бөлек. Киімдері Тілеу, Қабақ секілді қырдың киімі. Не де болса қонақ қой деп төсек салдырады. Батыр үстінде түйе жүні шекпен, белін тұсаумен байлап қойған, басында жалпатай тері тымақ, от (? - М.Қ.) жағын ішіне қайырып қойған, өзінің жататын төсегінің үстінде қазан-аяқ жаққа қарап сарта жүгініп отырған. Қылыштың бәйенегін ағытып, қарыстай суырып, балдағынан оң қолымен ұстап, жауатын бұлттай түнеріп отырады. Тілеу, Қабақтар сәлем беріп, үлкендете үйге кіреді. Батыр сәлемін алмайды. Бұлар үлкендете төсекке отырады. Басында айтқан: біз барған соң бізбен оңайлықпен тілдеспес. Ол бізге өкпелі, ашулы адам ғой деп, бір үлкеніне тапсырған-ды. Барған соң тілдеспесе, сен бұрын ертеде басы жау, аяғы ағайын болып татуласқан бір ертегіні, оған болмаса сен тағы біреуін айт. Онда да тіл болмаса, сен айт деп үш ақсақалына үш ертегі болған істі тапсырады. Сол үш уақиға таусылғанша Жанқожа шешілер, шешілмесе ар жағын көрерміз түріне қарай деп. Келген батырдың түнеріп, сәлемін алмай, бұларға назарын салмай отырғанынан-ақ есінен танып, барып қолынан да ала алмайды. Айтамын деп келген сөздерін де айта алмай тіл жоқ отыра береді.
Он сегіз адамның үйге кіріп отырғанына көп уақыт өтті. Батырдың сол отырысы. Тіл, үн жоқ. Олай иә бұлай назарын аудармайды. Түрінен адам шошығандай отыра береді. Енді келгендерде де тіл иә үн жоқ. Уақыт өтіп кетті. Сол келген адамның ең кішісі Қарағұл екен. Жасы үлкендерінен күдер үзіп, уақыт өтіп бара жатқан соң, есік жақта отырған Қарағұл шыдай алмай: «О, біздің ақсақалдар, - деді. – Сендер ауылдан шыққанда Жанқожа ағамызға барамыз, сәлем береміз деп, өткен-кеткен уақиғаны айтамыз деп, далаға жаққан оттай шалқып келе жатыр едіңдер. Енді тап өзінің алдына келгенде сендерді не албасты басты? Неден тілдерің байланды? Шілдеде тері тымақ киіп отырған құдай деп қорқып отырсыңдар ма? Ол өздеріңнің сәлем берем деп іздеп келе жатқан ағаң Жанқожа емес пе?» дейді.
Сол уақытта батыр мойнын бұрып шетінен амандасады. Баспа-бас аман ба, аман ба деп келіп, Қарағұлға келгенде: «Мынау қай бала? Аты кім?» дейді батыр. Сонда жасы үлкенінің біреуі ол пәлен деген ағаңның баласы Қарағұл деген інің осы дейді. Сол уақытта батыр төсегінің қабатынан кішкене балтасын алып, бүлдіргісінен саусағына іліп, балтаны былғап айдһарша ысқырып, екі көзі шоқтай жайнап жанады. Отырғандардың зәресі қалмай, көп уақыт ысқырып болып Қарағұлға қарап: «О, бай Қарағұл дейді, мырза Қарағұл, батыр Қарағұл, шешен Қарағұл, молда Қарағұл дейді халық. Осы Қарағұлдардың әрқайсысы басқа басқа ма, болмаса бәрі бір Қарағұл ма?» дейді. Сонда Қарағұл орнынан ұшып түрегеліп екі қолын қусырып: «О, аға! – деді Қарағұл. – Жігіт құдай берсе, бай болады, аямай берсе, мырза болады, қорықпай шанышса, батыр болады, көп ішінде тауып сөйлесе, шешен болады, әкесі молдаға оқытса, молда болады. Сол бес атаққа ие болып жүрген Қарағұл деген ініңнен бөтен Қарағұл жоқ», - дейді.
Батырдың әдеті тайсалмай қорықпай сөйлеген адамды, шын сөйлеген адамды жақсы көретін-ді. Енді мына Қарағұлдың қорықпай тауып сөйлегеніне риза болып, мына жерге отыр деп өзінің оң қапталын нұсқайды. Ишарат қылған жеріне Қарағұл батыр отырады. Сонымен шешілісіп қонақасы бергізеді.
Енді батыр Раманқұлдың туысқандарын, өлген отыз жігіттің туысқандарын, Сыр шектісіне жататын билерін қалдырмай шақыртып алды. Олар тегіс билерімен келген соң батыр билеріне: «Мынау ағайын өз аяғынан тиіп келіпті ғой. Ағайын болып, бітім жасап, жаулықты қояйық. Түбіміз туысқан едік, - деп. – Сендер осылармен сөйлесіп ағайын болыңдар. Барымталасып, жауласып, осы қырылғандарың болар. Мұнан былай жауласуды қоюға ант-серт жасап, тату-тәтті болуға уәде жасап келіссін деп сендерді алдырып отырмын. Сөз осы. Өздерімен сөйлес» - дейді батыр.
Билер Тілеу, Қабақтың ақсақал билерін шақырып алып, оңаша сөйлеседі. Үш күндей сөйлес болады. Өлген адамның есебін алып қараса, Сыр шектілерінің өлгенінен қыр шектісінің өлген адамы әлдеқайда көп болып шығады. Жауласқаннан бергі ұрыста өлгендер. Солардың қалай есебін таба алмай бастары қатып, ақырында екі жақтың билері келісімге келеді. Өлген адамның басқасына салауат, есепке алмай екі жақтан үш адамға ғана құн берілетін болсын дейді. Мұны екі жағы да мақұлдасады. Тілеу, Қабақтан Қарағұлдың інісіне берілсін дейді. Бұл жақтан батырлың жақын інісіне, Естекбай мен Раманқұлға. Солайша келісіп, келісімін екі жағы бірдей батырдың алдына келіп айтады. Сонда батыр: «Келісімдерің дұрыс, бірақ бір сұрағым бар, - дейді Тілеу, Қабақтарға. – Раманқұл би ме еді, шын озат би туған ба еді? Болмаса озат би емес пе еді?» - дейді. Сонда Тілеу, Қабақтар: «Рамақұлдың билігіне талас жоқ. Озат би туған адам еді» дейді. Сонда батыр: «Раманқұлдың басына құн болса, оның билігіне бір құн тиісті емес пе еді?» дейді. «Онда ол айтқаныңыз дұрыс. Раманқұл бір адамның орнына кетуі дұрыс емес болған. Раманқұлға екі адамның құны берілсін» дейді.
Сонымен Қарағұлдың інісіне Естекбайды қойып, Раманқұлға Тілеу, Қабақтан екі құн алатын болды. Сөйтіп Қыр шектісі мен Сыр шектілері татуласып, ағайын болып бітісіп, еліне қайтады. Бұлардан адам келіп, құнға беретін малдарын айдатып жібереді».
Ұзын сонар сорабы ұмытылмай ауыздан ауызға ілініп бізге жетуінің басты себептерінің бірі – сөзге шешен Қарағұлдың тапқырлығы мен әлігі ұшқыр сөзі-ау деп те тұжырымдауға болар.
Ел аузынан әлі түспей келе жатқан қазақтың әдеті – әр жақ өз әрекеттерін мақұлдап, өз адамдарын көтеріп айта беретін жайт – он тоғызыншы ғасырдың елуінші жылдары орын алған Қотанкөл оқиғасы.
Сырдарияның төменгі етегін мекендеген іргелес отырған шектінің екі аталығы – асандар мен жақайым жалпақ жатқан құнарлы көл табанын қатар пайдаланып отырады. Әлдебір жылдары бірнеше науқан бойы дарияны сең бұзған кезде ұлтандытасқын су басып, егіндік жер ұшан көлге айналып шыға келеді. Бірнеше жылдар өте келе су қайта қайтып, ұлтан әу бастағы қалпына келеді де бұрынғы шекараның ізі жоқ немесе екі жақтың бірінен қараулық бар, тың жерге егіс салуға кірісер кезде екі ел арасында дау туады.
Шекараның басы ашылмай, егес ұласа-ұласа екі жақ қару ұстасуға дейін жеткен. Арада адам өлімі болған соң дау одан әрі ушыға береді. Көл басында екі рудың жалпақ елі. Асандар жағының бас көтерері Пұсырманның Әйімбеті, жаңа көрініп келе жатқан жігіт кезі, жақайымдар жағының сөзін ұстаған Толыбай (орыс қағазына Тулюбий Минбаев деп түскен – М.Қ.) батыр, бұл кезде егде, Жанқожаға аға. Ертең бір күн жаппай шайқас басталғалы ушығып тұр. Халық ағалары дереу ат шаптырып, хабар салып, қырда жатқан Жанқожаны алдыртады. Батыр әні-міні қан төгілгелі тұрған сәтте жетіп, екі жақтың да халқын көл басына жинап, өзі атқан мініп, асаннан екі кісіні, жақайымнан екі кісіні алып, ұлтанды қақ жарып жүріп отырады. Ізінен төрт кісі омақа тастап еріп келеді.
«Асандар бұл көлге орнықпаған, кейін қанжудыға тастап шыққан. Бұл оқиға Бозорыс пен Дөңгеуір өлгеннен үш жыл кейін болып еді» - деп түйіндейді сол жайтты құймақұлақ қарт Тойымбет Күлімбетов.
Аталмыш оқиға орыс шенеуніктерінің жоғарыға берген мағлұматтарында да тұр. Екі жақ та орыс әкімшілігіне жүгінбеген. Олар қазақтардың өз араларында болып жатқан таусылмайтын дауларына араласуға құлықсыз, мәселенің егжей-тегжейі ресми шолақ қағазда жоқ.
Енді нобайы қағазға түскен екі жайт.
1848 жылдың қысында Сырдарияның теңізге құяр сағасын қыстап шыққан жақайымдардың кейбір басбұзар жортуылшылары жаз жайлау – Үлкен Борсыққа көшіп бара жатып Көктырнақта отырған алтынбайлардың алты ауылын тонап кеткен. Қағазда себеп те, сылтау да көрінбейді. Қақтығыста алтынбай жақтың бір кісісі тағы өлген.
Олар бұларымен қоймай Ырғыз бекінісінің маңындағы Қылбет деген жерде отырған құттықтардың да 14 ауылын (құжаттарда үй басын бір ауыл деп те жаза береді – М.Қ.) тонап, малдарын айдап, дүние-мүліктерін олжалған.
Орыстар тарапынан жаңа әкімшілік тәртібі енгізілген соң дау үстіндегі билердің сөз жүзіндегі пәтуалары бұдан былай күмәнға айналып, ұйғарымдардың барлығы екі жақ та болса мөр басылып, болмаса қол қойылып, әкімшілік өкілінің алдында хатталып, мұқият қағаздасу шарты енгізілген-тұғын.
Енді осы жаңа тәртіпке сай батыр, би – сол кездегі есаул – өзіне қайта шағынған алтынбайдың биі Итіғұл Боранов пен құттықтың биі Қонақбай Жанаевтарды қасына өзінің орынбасары іспетті туысы Көлбай Ералиев биді қосып, Райым бекінісіндегі орыс әкімшілігіне қағаздасуға жібереді.
1849 жылдың 23 наурызында өткен бұл даулы кеңеске жақайымның асанынан Ермек Қонысбаев, Жауқашар Данаев, Әйімбет бөлімшесінен Бозша Аққасиновтар қатысып, алты ауылдың тоналған мүлкіне 24 қой, өлген кісінің өтеуіне 8 бесті жылқы, тоналған 14 ауылға 5 түйе, 11 бие мен 33 қой өтем өтелетін болып пәтуаласып хаттасқан.
Құжатқа сұлтан Алтынғазы Нұрымовпен қатар би Көлбай Ералиевтің қолы қойылып, мөрі басылған.
Қағазда былай деп көрсетілген: «В конце декабря месяца 1848 года здесь было слышно, что батыр Джанходжа Нурмухамедов, желая утвердить спокойствие между барантующими ордынцами, вызывает в свои аулы карабашцев и джакаимцев и, под личным разбирательством своим оканчивает дела по междуусобным грабежам и угонам с киргизами Чиклинского и Дюрткаринского родов» (ҚР ООМ, №4 қор, 4432 іс, 7-бет).
Көкаралда отырған жақайымдар өтемді қайтарып бермек түгілі барған құныкерлердің бірінің атын да ұрлап алған.
Ендігі бір төрелік кейінірек.
...Жалғыз үй (үй жанында бір қос бар – М.Қ.) отырған Жанқожа өлтірілерден шамамен бір ай не жиырмашақты күн бұрын – 1860 жылдың 18 қаңтарында – Ақмешітке келген төртқара Дәуқара Тоғаев орыс шенеуніктеріне мына жайттарды хабарлап отыр.
Қызылда, анығы Дәуқара жағында, көшіп-қонып жүрген сұлтан Бөрі Тәукеұлы Хиуа ханы Сеидмұхамедке хат жазып, баласы Қарағайды жіберген. Хатта енді бұдан былай өзінің Хиуа пәрменіне біржола өтпекші екендігін хабарлаған. Ханның құшбегілері Бөрі бізден кетіп, Қоқанға, одан Бұқарға бағынған сенімсіз адам деп Қарағайды тұтқындаған.
Хан Жанқожа, Дабыл, Бөрілерді шаппаққа түрікмендердің шәудірінен 800 сыпай жасақтап аттандырған. Бұны алдын ала біліп қалған қазақтар Дәуқарадағы Арал теңізінің елеусіз бір қолтығы Ақсағаға ығысып еткен қазақтарды таба алмаған түрікмендер кездесіп қалған шөмекей саудагерлері, Бесмазарда Түпқараға бет алған таздардың керуенін, қарасақалдың төрт ауылын тонап, Үркімбайды өлтіріп, Жанқожаларды таба алмай кері қайтқан.
Дәуқара Тоғаевтың өзі болса, қасында төрт адамы бар, Хиуаға базарлауға шыққан екен. Үргеніштен 5 шапан, ағасына 15 тиынға (червонец) қарақалпақтың бір қызын сатып алып, Арал теңізін жағалап қайтып келе жатқан беттерінде Жаңасуда 15 жортуылшы ұстап, Ақсаға деген жерде отырған Бөрінің ауылына алып келіп, бес атқа қоса барлық мүліктерін тартып алып, өздерін бес күн бойы байлап тастаған. Босанған соң Дәуқара Тоғаев сол маңда тұратын Жанқожаға шағынуға барады. Батыр бұны ертіп алып келіп, Бөріге тоналған заттарының бәрін түгелдей қайтаруды бұйырады («приказал»). Бөрі қыңқ демей, бұлардың бес жылқысы мен сатып алған қызын қайтаруға мәжбүр болған.
Тоғаев осы мағлұматында Бөрінің Дәуқарадағы ауылы 8 үй, 25 адамы бар деп көрсетеді. Ал бұлардың қатарында шектіден: Ерданап Жаманқұлов, Қазанғап, Торғай, Барақұл, қаракесектен – Алтай, Ізбасар Алақаев, Майдан, Қараша, төртқарадан Қанат бар. Жанқожаның ұлы Итжеместің ауылы да осылармен бірге.
Екіүйлі Жанқожа бұл топтан бөлек (ҚР ООМ. 383-қор, 32-іс, 5-7-беттер).
Бұл оқиғадан сәл кейінірек бір айға жетер-жетпесте Жанқожаның үйіне Елікей бастаған жазалаушыларды бастап алып баратын Бөрінің баласы Қарағай. Қарақшылар ұстап алып, алдарына салған.
Осы хабарлама тағы да әу бастан өле-өлгенше Жанқожамен бір Дабыл Бекшиннің туыстары туралы елеулі дерек жеткізеді. Орыс әкімшілігі Жанқожаның жанында жүріп, кейін Хиуа жаққа өтіп кеткен Дабыл Бекшиннің туысы Досбол Ақшиннің қайда, кіммен жүргендігін білгілері келетін сауалға Досбол қазір 4 үйімен Қарақұм жақта қабақтармен бірге көшіп-қонып жүр. Жанында 12 кісі, 9 түйе, 60 қойы, 32 жылқысы бар деген мағлұмат түсіреді.
Жанқожа өлтірілерде Дабылдың туысы Ақшының Қабақ есімді баласы батырдың жанында.
Орайы келіп тұрғандатағы бір түйткілді жайт – көтерілісшілердің жазалануларына қосымша сылтауға бұрыла кету қажет боп тұр.
Бастан қағазға түскен деректерде сұлтан Бөрі Тәукеұлы – Бөрі төре – Қызылқұмды жайлаған. Осы жерде дәуірлеген Жанғазы ханның немере інісі болғандықтан бұл өңірді оның ата қонысы деуге болады. Әрісі Боқан таулары, Жаңадария, Қуаңдария бойлары, Арал теңізінің қуыс-қолтықтары. Өрісі төрт мемлекеттің аралығы. Асып кетті дегенде төңірегінде бар болғаны қырық үй, кішкенелердің іші, ізінде төлеңгіттері бар.
Орыс жағына ішін бермеген кезінде Жанғазы ханның шашбауын көтеріп, Сырдың оң жағын мекендеген халыққа талай-талай шапқыншылыққа қатысты. Аракідік қарым-қатынас жасағанымен Хиуа, Қоқан хандықтары мен Бұқар әмірлігінің ешқайсысына да басыбайлы тәуелді емес.
Оты, суы мол жерде ешкімге басы байлаусыз, еркін ғұмыр кешуді қалаған тәрізді. Алайда отырған қонысы біріне бірі алакөз төрт мемлекеттің тоқайласқан жері, тынымсыз керуен жолы. Өз жерінен өткендігін сәлеттеп керуендер мен базаршылардан баж салығын талап етіп, алып та отырған. Бұл кәсіп, әрине, іргелес хандықтардың ешқайсысына да ұнамайды. Бұл олжаны әркім өзінікі санайды. Демек, Бөрі – төрт құбыласының төртеуіне де ұнамайды. Ізіне қол ермеген төреден ешқайсысына қауіп тағы жоқ.
Көтеріліске қатысқан кішкенелер 1857 жылдың қаңтарында Бөрінің үстіне түсті. Бөрі осы жолғы орыс жөніндегі саясатта Жанқожамен пейілдес, іс-әрекеттерінен батырдың алдын кесіп өтпейтіндігі анық аңғарылады.
Алайда орыс әкімшілігінің түпкі есебі көтеріліс басшыларының көздерін жойып, сол жаққа ошарыла көшкен қалың қазақты бекініс маңына қайтарып, өз бақылауларында ұстау болатын. Дәл осы кезде бұрын еленбей келген, қолында жарытымды күші де жоқ, ізіне халық не қол ермеген, өткен-кеткен керуендерді тонаумен ғана айналысып жүрген Бөрі орыс әкімшілігі үшін оңтайынан келген таптырмас сылтау болды. Осы өңірдегі әрекеттердің барысын бақылап, жүргізіп, Елікейді жұмсап отырған сарай кеңесшісі Осмоловский: «... я предписал султану Ирмухамеду Касымову очистить все пространство по течению реки Яны-Дарьи от хищнических шаек и захватить, если возможно, самого главного хищника султана Бюри...» деп атап көрсетіп отыр.
Бөрі Тәукеұлының Елікеймен ауылы аралас, қойы қоралас. Төренің отбасы Бұхар тарапынан да, Хиуа тарапынан да бірнеше рет тұтқындалған.
Жанқожа бастаған көтеріліске қатысқан жоқ.
1860 жылы Елікей Жанқожа мен Аманқожаны өлтіріп, Бөріні тұтқындап, орыстарға қызмет етуге алып келіп, хорунжий шенін алып берді. Алайда Бөрінің Елікей тәрізді орыстарға жанын сала қызмет еткендігі аңғарылмайды. Қонысын тастап, орыс бекінісінің біріне көшкен жоқ.
Кейін сол 1860 жылдың жазында генерал-губернатор Катенин Е.Қасымовқа Бөрі төре мен Әзберген Мұңайтпасовты патшаның қабылдауына Петерборға аттандырылмақшы өкілеттіктің құрамына қосу үшін Орынборға келген жерінен кері қайтарылды. Бұл Бөрі төреңізге орыстардың да пәлендей сенімі жоқ.
Бөрі аз ажалы – соқырішектен өлді, Сүйегі Қызылқұмда болмаққа тиіс.
Молдахмет ҚАНАЗ
Комментарии 1