ҚЫЗЫЛОРДАДА СЕНАТ ДЕПУТАТТЫҒЫНА 5 ҮМІТКЕР ҰСЫНЫЛДЫ
Алдағы маусым айында Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл туралы ҚР Президентінің Жарлығы да жарияланды. Осы орайда бүгін облыстық сайлау комиссиясы Өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихаты өткізілді. Оған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы А.Жүнісов, сайлау комиссиясының хатшысы А.Сырлыбаева, сайлау комиссиясының мүшесі Қ.Наурызбаев қатысты.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы А.Жүнісов өз сөзінде 2011 жылғы 19 тамызда Қызылорда облысынан сайланған сенатор Мұрат Бақтиярұлының өкілеттілігінің 31 тамызда аяқталатындығына байланысты оның орнына бір депутат сайланатындығын атап өтті.
Конституцияға сәйкес жасы 30-ға толған, жоғары білімді, жұмыс тәжірибесі бес жылдан кем емес, сондай-ақ, еліміздің аумағында соңғы он жыл бойы және өзі дауысқа түсетін өңірде кемінде үш жыл тұрақты тұратын Қазақстан азаматы Парламент Сенатының депутаты бола алады.
- Парламент Сенатының депутаттығына кандидат ретінде тіркелу үшін үміткер өңірдегі барлық мәслихаттар депутаттарының кемінде он пайызының қолдауына ие болуы тиіс. Қызылорда облысынан Парламент Сенатының депутаттығына 5 үміткер тіркелді. Олар: облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова, Сырдария аудандық мәслихатының хатшысы Ержан Әжікенов, "Байкен-Ю" ЖШС бас кеңесшісі Ғайнулла Жарқынбаев, ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, "Байқоңыр" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Темірхан Кенжебаев. Кандидаттардың ұсынылған құжаттары тексеріліп, олардың заңнамамен қойылған талаптарға сәйкес келетіндігі туралы хаттамалық шешім қабылданды, таңдаушылардың қолдауын алу үшін қол қою парақтары берілді. Алдағы Парламент Сенаты депутатын сайлауда дауыс беруге тек таңдаушылар – мәслихат депутаттары ғана қатысады, яғни сайлау нәтижесі облыс бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттардың 147 депутатының таңдауына байланысты болады, - деді сайлау комиссиясының хатшысы А.Сырлыбаева.
Орталық сайлау комиссиясының 2017 жылғы 28 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутатын сайлауды әзірлеу және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Қ.Наурызбаев кеңінен таратып айтып берді.
- Аталған жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну 28 мамырға дейін, кандидаттарды тіркеу 7 маусымға дейін жүреді, ал сайлау алдындағы үгіт 8 маусымда басталып, 26 маусым күнгі 24.00 сағатқа дейін жүргізіледі. Дауыс беруді, дауыстарды санауды және нәтижелерін жариялауды облыстық сайлау комиссиясы бір күн ішінде – 28 маусымда жүргізеді. Кандидаттарға сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ көліктік шығындарға республикалық бюджеттен 2 млн 133 мың теңге бөлінді, - дейді Қ.Наурызбаев.
Фариза ОМАРОВА