ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ЖАСОТАНДЫҚТАР АРДАГЕРЛЕРГЕ ӘРДАЙЫМ ҚОЛҚАБЫС КӨРСЕТЕДІ
«Жас Отан» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының белсенділері «Ұрпақтар сабақтастығы» акциясы аясында Қызылорда қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Ыдырыс Қалиевпен кездесіп, қарт майдангерге көмек көрсетті.
- «Нұр Отан» партиясы ардегерлерді ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында жасотандықтар мен еріктілерден құралған түрлі топтар бүгінгі күнге дейін барлық ардагерлермен кездесіп, қолдан келгенше түрлі қамқорлықтар жасап келеміз,- деді «Жас Отан» ЖҚ Қызылорда қалалық бөлімшесінің басшысы Талғат Тілес.
Биыл Ыдырыс Қалиев ақсақал 92 жасты алқымдаса да қимылы ширақ. Жастармен сұхбаттасу барысында ардагер жастарға жақсы білім алып, еңбектену қажет екендігін баса айтты. Сондай-ақ, жас ұрпақты бүгінгі бейбітшілік пен тоқшылықты қадірлей білуге шақырып, елімізге тыныштық, егемендігіміздің мәңгі болуын тіледі.
Ұлы Отан соғыс ардагері Ыдырыс Қалиев отты жылдардан соң елге келіп, өңіріміздің дамуына елеулі үлес қосқан азамат. Майдандағы ерлігі мен қажырлы еңбегінің арасында Қызылорда қаласының құрметті азаматы. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне 2 мәрте депутаты. Еңбегіне сай «Отан соғысы», 2 рет «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері және түрлі медальдармен марапатталған.
Өз кезегінде «Жас Отан» ЖҚ мүшелері майдангерге ел үшін, келешек жастар үшін жасаған еңбектеріне үлкен алғыс білдірді. Керемет әңгімеден соң жасотандықтар ардегер тұрып жатқан үй ауласына тазалық жұмыстарын жүргізіп, қарияның ақ батасын алды.