МЕКТЕПТЕГІ ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ ЖҰМЫСЫНАН БОСАТЫЛДЫ
Қызылорда облыстық прокуратурасы «Балаларды бірге қорғаймыз» жобасын жүзеге асыруда жергілікті полиция қызметінің тиімділігіне талдау жасады.
Тексеру кезінде Шиелі кентіндегі №127 мектепке бекітілген мектептің полиция инспекторы бірнеше күн бойы мектепте болмағаны анықталды. Ол туралы аудандық ІІБ жергілікті полиция қызметінің басшылығы да хабарсыз екендігі белгілі болды.
Осыған байланысты облыстық прокуратура Қызылорда облыстық ІІД жергілікті полиция қызметіне ұсыныс енгізді. Соның нәтижесінде мектептің полиция инспекторы «қызмет тәртібін өрескел бұзғаны үшін» жұмыстан босатылды.
Қазір қарамағындағы қызметкерлерге ведомстволық бақылау жүргізбегені үшін аудандық ІІБ басшыларының мәселесі қаралуда.
Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі