СУ ТАСҚЫНЫНА ҚАРСЫ ШАРАЛАР ЖҮЙЕЛІ АТҚАРЫЛУДА
Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында азаматтық қорғау қызметкерлерінен жедел штаб құрылды. Тәулік бойы психологтар 8(724)2-307154 «қауырт желі» телефоны арқылы облыс тұрғындарына кеңестер беріп, психологиялық көмектер көрсетуде.
Облыс елді мекендерін су басуға жол бермеу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 806 бірлік техника, 1 тікұшақ және 2097 адам дайындыққа келтірілді. Халықты уақытша орналастыру үшін 96 қабылдау – эвакуациялық пункті мен 82 жинақ – эвакуациялық пункті дайындалды.
ТЖД жеке құрамы күшейтілген қызмет өткеру тәртібіне көшірілді. Басшылық тарапынан дария деңгейі мониторингін бақылау күшейді. Бұған қоса бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілуде. Тек Жалағаш ауданында көпшіліктің күшімен 22 000 астам қап, облыс бойынша 59 000 қап құм әзірленді. Күн сайын төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері қорғаныс бөгеттерін тексеруде. Бүгінгі күні Қызылорда облысының аумағына секундына 1400 текше метр су келуде, Қызылорда су торабы арқылы жіберілетін судың көлемі секундына 528 текше метр.
Азаматтық қорғаныс қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың жедел топтары елді мекен тұрғындарына қауіпті аймақтардағы елді мекендерді су басу кезіндегі іс – қимыл бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тұрғындармен әңгімелесу кезінде су келген жағдайда, тез арада құжаттарды жинап, бүкіл отбасымен эвакуациялық пунктке көшу қажеттігі туралы айтылды. Сонымен қатар көшпелі брифингтер өткізу, тұрғындарға ұялы операторлар арқылы SMS хабарламалар жіберу, әлеуметтік желілер, облыстық телеарна мен мерзімді басылымдар арқылы құлақтандыру жұмыстары ұйымдастырылды.
Қызылорда облысы
Төтенше жағдайлар департаменті