«БАЛАЛАРДЫҢ БАСТАУЫ-2017» БАЛАЛАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАР БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Қызылорда облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен балалардың әлеуметтік жобалар байқауы Қызылорда қаласындағы дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей – интернатында «Болашақ энергиясы» тақырыбында өтті. Бұл туралы басқарманың баспасөз қызметі хабарлады.
Байқау II - кезең бойынша 11 – 18 жас аралығындағы оқушыларының қатысуымен ұйымдастырылып, балалардың 15 жобасы қаралды.
Шараның мақсаты: балаларды белсенді азаматтық ұстанымға тәрбиелеу, өз қала, ауылының тыныс – тіршілігіне қатысу құқықтары мен дағдыларын қалыптастыру, балалар бастамаларын іске асыру үшін алаңдар құру болып табылады.
Жобаларды білім саласының мамандары мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері сараптады. Ең үздік деп танылған 3 жоба республикалық кезеңге жолданды. Олар: Қазалы ауданының №258 орта мектеп оқушысы Аида Еденбаева, Қармақшы ауданының №269 орта мектеп оқушысы Дәулет Аймағанбетов, Қызылорда қаласының №267 орта мектеп оқушысы Аружан Сәрсенбаева.
Жеңімпаздардың жобалары Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің www.bala-kkk.kz ресми сайтында және «Балалар бастауы – 2017» әлеуметтік жобалар жинағында жарияланатын болады.