БӨГЕНБАЙ БАТЫРДЫҢ АЙБАЛТАСЫ КӨРМЕГЕ ҚОЙЫЛАДЫ
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының Орталық кеңсесінде Тәуелсіз Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай қазақтың хас батыры Қанжығалы Бөгенбайдың ұрпақтары тарихи тұлғаның айбалтасы мен кісе белбеуін ҚР Әскери - тарихи музейінің көрмесіне табыс ету рәсімі болып өтті, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.
«Алатаудай Ақшадан, асып туған Бөгенбай» батырға тиесілі құнды жәдігерді батырдың ұрпақтары ғасырдан ғасырға аман-есен жеткізіп, сақтап келген. Бұл айбалта – Бөгенбайдай батырдың қалмаққа қарсы көтерген бес қаруының бірі еді. Бұл айбалта – киіз туырлықты қазақтың жауына дес бермеген елдік рухы, ұлттық намыс еді! Міне, батырлық пен ұлтжандылыққа толы бұл тарихи жәдігерді енді музей көрмесінен көріп, әсерленуге зор мүмкіндік туып тұр!
Салтанатты шара барысында «Ақ жол» жетекшісі А.Перуашев Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласындағы ұлтжандылық қағидасының негізгі мәні – елдің тарихын білуден басталатын, бұл жәдігердің бүгінгі қоғамнан алар тарихи құндылығы мен өзектілігін, баға жетпес, ұлттық асыл мұра екенін айтып өтті. Ал, партияның ОК хатшысы, белгілі журналист А.Сқабылұлы: «Бұл жәдігер арқылы жастар мен жасөспірімдер қилы заманда өмір сүрген батырдың қандай адам болғанын біліп, оның ерлігі миф пен фольклор емес екенін анық сезініп, көзбе-көз байқап, көрме экспонатынан айбарланып, қуатты әсер алып, айбаттанып, рухтанып шығады»,- деді.