ОРТАЛЫҚ СТАДИОННЫҢ АЛАҢЫ ЖӨНДЕЛЕДІ
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы, облыстық футбол федерациясының президенті Садық Мұстафаев БАҚ өкілдеріне жуырда ғана өткен ҚКФЛ тексеруінің нәтижесі туралы айтып өтті. Тексеру нәтижесіне сәйкес бүгіннен бастап Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионның негізгі алаңы мен «Локомотив» стадионында ҚКФЛ аясындағы ойындарды өткізуге тыйым салынады. Оның себебі алаң сапасының төмендігі.
Осыған орай ҚКФЛ қойған талапқа сәйкес «Қайсар» өз алаңындағы ойындарды басқа қалаларда өткізуі тиіс.
Бірақ, жергілікті жанкүйерлердің жайын ескерген облыс басшылығы орталық стадионның қосалқы алаңын жөндеу туралы шешім қабылдады. Бірақ оның сыйымдылығы 1,5 мың адамға лайықталған.
Осыған байланысты ІІД Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қуаныш Шүкіров құқық қорғаушылардың матч кезіндегі басты міндеті жанкүйерлер қауіпсіздігін қорғау екендігін атап өтті. Бірақ, небәрі мың жарым орындық алаңға 7 мың жанкүйер ағылғанда олардың қауіпсіздігін қорғау оңай болмасы анық. Демек, «Қайсарға» жанашыр мыңдаған жанға ойынды үйден тамашалауға тура келеді. Мәселенің осы жағын баса айтқан Қ. Шүкіров жергілікті «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы команданың өзіміздегі ойынын тікелей эфирде көрсетсе деген ойын жеткізді.
Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадион директорының орынбасары Нұржан Машаевтың айтуынша табиғи алаңды реконструкциялауға шамамен 150 млн. теңге бөлінеді. Жосапрланған жұмыстар дер уақытында бітсе, шілде-тамыз айларында «Қайсар» қарсыластарын жаңа алаңда қабылдайды. Осы пікірді тірілткен Садық Шоңмұрынұлы жаңа алаң сапасы Алматыдағы Орталық стадион алаңымен бірдей болатынын жеткізді.
Брифингте «Қайсарға» тағы қосымша 63 миллион теңге бөлініп отырғандығы айтылды. Футболшылар аймақ басшылығы мен жанкүйерлер тарапынан көрсетіліп отырған сенімді ақтауға барынша күш салады. Басты міндет чемпионат кестесінде 6-орыннан төмендемеу.