АСТАНАДА «ИЕГОВА КУӘГЕРЛЕРІ» УАҒЫЗШЫСЫНА ҮКІМ ШЫҚТЫ
Сарыарқа аудандық соты «Иегова куәгерлері» христиан қауымдастығы» діни бірлестігінің өкілі Теймур Ахмедовке үкім шығарды, деп хабарлады «ҚазАқпарат». Оны дінаралық алауыздық тудырғаны үшін 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты.
«Бұрын сотталмаған Теймур Ахмедов Сұлтаноглыға қатысты қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы қабылданды. Куәгерлерден жауап алып, сотқа дейінгі өндіріс, сот тергеуі материалдарын зерделеп, сот пікірсайысын және сотталушының соңғы сөзін тыңдап, ҚР ҚПК 387, 390, 393, 395, 398, 401, 402-баптарын басшылыққа алып, сот Теймур Ахмедов Сұлтаноглыны ҚР ҚК 174-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін айыпты деп танылды және оған аталған бапта көзделген 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындау үкімін шығарды», - деді судья Талғат Сырлыбаев.
ҚР ҰҚК қызметкерлері 2017 жылғы 18 қаңтарда қоғамдастық мүшелері Теймур Ахметов пен Асафа Гулиевті ұстаған еді. ҰҚК ақпаратына сәйкес олар Астанада әртүрлі пәтерлерде түрлі конфессия мен этностар өкілдерінің діни және ұлттық сезімдерін кемсіту белгілері орын алған бірқатар діни жиналыстар өткізген.