СУРЕТШІЛЕР СИМПОЗИУМЫ КӨРМЕ ӨТКІЗЕДІ
Облыс әкімінің қолдауымен өтіп жатқан шараға еліміз бойынша 25 қылқалам иесі қатысып отыр. Олардың арасында Өмірбек Жұбаниязов, Ғани Баянов, Бақытнұр Бұрдысбеков, Динара Нөгер, Өсербай Шоранов, Ғалия Махашева, Мәжит Байтенов, Сейіт Мәжібаев, Қайыр Оразғалиев, Құдаш Нұрсадықов, Лилия Беликова, Айгүл Ибраева, Мәлік Хайдаров, Ерғали Палымбетов, Амангелді Кененбаев, Яссауи Ағытаев, Шәкірбек Сәменов, Берік Бөкешев, Дулат Айтбаев, Айнұр Сейіткәрімова, Айтбай Зәкіров сынды белгілі суретшілер бар.
Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының жетекшісі Амангелді Кененбаевтың айтуынша өңірдің тарихи орындарымен танысуды мақсат еткен қылқалам иелері симпозиумның ашылуынан кейін Қорқыт ата атындағы мемориалдық кешенімен танысып, Қармақшы өңірінде біраз этюдтер мен пейзаждар орындаған.
Осыдан кейін симпозиум Жаңақорған жерінде жалғасын тапты. Суретшілер төрт күн бойы қарт Қаратаудың етегі мен Бүркітті тауында, Бесарық өзені мен Талдысу бойында жұмыс істеді.
Бүгін қылқалам иелері қалаға жетіп, дария бойында этюдтер салуда. Ал ертең, 3 мамыр күні сағат 15:00-де облыстық көркемсурет галереясында симпозиум қорытындыланып, суреттер көрмесі өтеді.