ҚЫЗМЕТ ЭТИКАСЫН САҚТА, ПОЛИЦИЯ!
Елбасы ұсынған «Ұлт Жоспары – «100 нақты қадамның» 31-қадамында «Этикалық нормаларды бұзуға жол беретін полицейлердің іс-әрекеттеріне шағымданған азаматтардың арызын қарау жөніндегі қоғамдық кеңес жүйесін құру арқылы полицияның ашықтығын қамтамасыз ету» мәселесі көтерілген болатын.
Облыстық ішкі істер департаментінде өткен «Азаматтар және полиция: өзара сенімге негізделген қарым-қатынас» тақырыбында консультативтік кеңестің отырысына осы мәселе негіз болды, деп хабарлайды ОІІД баспасөз қызметі.
Кеңес отырысына Қызылорда ОІІД бастығы полиция полковнигі Қайрат Мұхитов, консультативтік кеңес төрағасы Нұрмұрат Ерманов, қоғамдық кеңес мүшелері мен департаменттің барлық қызмет салаларының басшылары қатысты. Кеңесті консультативтік кеңес төрағасы Н.Ерманов ашып, күн тәртібінде тұрған мәселелермен таныстырып өтті.
Кеңес отырысында күн тәртібіне сай Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы полиция майоры С.Арынов сөз алып, «Әдеп нормаларын бұзған полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне шағымданған жеке және заңды тұлғалардың арыздану деректері бойынша атқарылған жұмыстар жайлы» тақырыбында хабарлама жасады. Ол өз сөзінде Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен жеке құрам арасындағы заңдылық пен тәртіпті сақтау, қоғамға жат құбылыстармен күресіп, сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттердің алдын алу, анықтау бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылып жатқандығын атап өтті. 2017 жылғы 3 айдың өзінде полиция қызметкерлері арасында қылмыстық іс-әрекеттер мен құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында 42 рейдтік іс-шаралар жүргізілді, заң бұзушылыққа жол берген полиция қызметкерлері жауапкершілікке тартылды. Осы атаулы заңсыздықтармен күресіп, полиция қызметкерінің оң бейнесін қалыптастыру бағытында жеке құрам арасында тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, тапсырмалар мен нұсқаулар берілгендігін де атап көрсетті.
Кеңес барысында баяндамашыларға сұрақтар қойылып, күн тәртібіндегі мәселелер төңірегінде ұсыныс-пікірлер айтылды. Мәселен, кеңес төрағасы Н.Ерманов полиция қызметінің қоғам алдындағы имиджін көтеріп, полиция қызметкерлеріне деген халықтың сенімін арттыру мақсатында қарқынды жұмыстар жасалу қажеттігін ескертіп, осы бағытта бірнеше ұсынысын білдірді.