БІРЛІК КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ЖИЫН ӨТТІ
Қызылорда облыстық сотында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиын өтті.
Іс-шараға Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Бақытжан Қалымбет, соттар әкімшісінің басшысы Азамат Жұмамұратов, Қызылорда қаласында орналасқан соттардың төрағалары мен судьялары және соттар әкімшісінің бөлім басшылары, сот қызметкерлері қатысты.
Салтанатты жиынды ашқан алқа төрағасы Бақытжан Қалымбет қазақстандықтар үшін 1 мамыр мерекесінің маңыздылығына тоқталып, мемлекетіміздің экономикасының өркендеуі және саяси тұрақтылығы халқымыздың өзара ынтымағы мен Елбасының сарабдал саясатының нәтижесі екенін атап өтті.
-«Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» қағидасын ұстанған мемлекетімізде бірлік күні ерекше аталып өтіледі. Әр жылда атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері республикамызда тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды, - деді өз сөзінде алқа төрағасы Бақытжан Қалымбетов.
Мерейлі мереке қарсаңында бірқатар сот мамандары марапаттарға ие болды. ҚР Судьялар одағының Қызылорда облысы бойынша филиалы төрағасының алғыс хаты Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің бас мамандары Алтын Задаева, Бекбол Рысмамбетов, сот жасауылы Бақытжан Қошанов, бас маман-сот отырысының хатшысы Айгерім Накиева, жетекші маман Абай Піржановқа табысталды. Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісі басшысының алғыс хатымен Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік соты кеңсесінің бас маман-сот мәжілісінің хатшысы Әл-Фараби Жақсылықов, бағдарламашылар Нұрбол Тлеумбаев, Әзілхан Қазби марапатталды.
Мерекелік жиында сот қызметкерлері Қазақстанда тұратын ұлттардың мәдениеті мен салт-дәстүрінің озық үлгілерін көрсетіп, музыкасын орындап, ұлттық билерін көпшілік назарына ұсынды.
Шара соңында қатысушылар халқымыздың ынтымағы мен бірлігін паш ететін деректі фильмді тамашалады.