«ОРАЛМАН» АЗИЯНЫҢ ҮЗДІК ФИЛЬМІ АТАНДЫ
Иран астанасы Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалінде режиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» фильмі шетелдік фильмдер арасынан топ жарып, «Азияның үздік фильмі» жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды «Қазақфильмнің» баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген аталған фильм осы фестивальдің «Шығыс Панорамасы» секциясында 12 елден келіп түскен 15 толықметражды картинамен бірге талқыға түскен. «Оралман» кезінде туған жерінен еріксіз табан ажыратуға мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыз жайлы баяндайды. Фильмге Дулыға Ақмолда, Есім Сегізбаев, Ержан Түсіпов, Шынар Асқарова, Баян Қажнабиева сынды қазақстандық танымал актерлер түскен.