ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ПИЛОТТЫҚ ЖОБАҒА АРНАЛДЫ
Қызылорда облысының Достық үйі ғимаратының мәжіліс залында Қызылорда облысы соттары судьяларының қатысуымен «Даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаны» талқылау мақсатында дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстел жұмысына «Медиацияны дамыту орталығының» кәсіби және кәсіби емес медиаторлары, нотариус және облыстық адвокаттар алқасының өкілдері қатысты.
Іс-шараны ашқан облыстық соттың судьясы Шолпан Мәлікова Елбасының республика судьяларының VII съезі барысында тараптарды табыстыру, татуластыру мәселесіне кеңінен тоқталғанын тілге тиек етті. «Қазіргі қоғам алдына қойылып отырған маңызды мәселенің бірі - дауды баламалы тәсілдермен шешуді жолға қою, нығайту және жетілдіру.
Ал Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Рысдәулет Шамшиев пилоттық жобаны іске асырудың мақсаты татуластыру рәсімдерін қолдану аясын кеңейтіп, азаматтардың сот шығындарын барынша азайту, халықтың соттан тыс дауды реттеу мүдделілігін анықтау екендігін атап өтті.
Шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар пилоттық жоба аясында ұсынымдарын білдірді.